Accessibility links

«Бұрғылау» құрылтайшысының өкілі Жаңаөзенде наразылармен кездесті


«Бұрғылау» жұмысшылары жалақы мен еңбек жағдайына қатысты компания басшылығына талап қойып тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 2 қазан 2016 жыл.

«Бұрғылау» жұмысшылары жалақы мен еңбек жағдайына қатысты компания басшылығына талап қойып тұр. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 2 қазан 2016 жыл.

Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» кәсіпорнында жалақы мен еңбек жағдайына қатысты қойған талаптарына басшылықтан жауап күтіп, жұмадан бері күнделікті жиналып жүрген жұмысшылармен бүгін компания құрылтайшысының өкілі Рахмет Хайроллаев кездесті.

Кездесу наразылар «Әділдік орнасын!», «Аса құрметті елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, үмітіміз сізде. Біз сізге сенеміз!», «Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін талап етеміз», «Кәсіподақ төрағасы ортамызға келсін!», «Елбасы жолдауы орындалсын!» деген ұрандар іліп қойған автобекет жанында өтті.

Жұмысшылар басшылыққа компанияда 2014 жылы мұнай-газ кәсіпорындарында қабылданған бірыңғай ақы төлеу жүйесін (ЕСОТ) енгізу, жөндеу цехтарында жасалған жұмыстардың сағаттарын табельге түсіру, 2014-2016 жылдардағы артығымен орындалған жоспарларына бонус төлеу, өздері сайлаған кәсіподаққа қысым жасауды доғарып, онымен жұмыс бастау туралы талап қойған.

Рахмет Хайроллаев жұмысшыларға мемлекеттік мұнай-газ компанияларындағыдай бірыңғай ақы төлеу жүйесін енгізуге «Бұрғылау» компаниясының мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді.

– Жеке меншік мердігер компания ретінде тапсырушыға тәуелдіміз, егер тапсырыс болмаса, біз де жұмыссыз қаламыз. Ал бізге тапсырыс беруші де жаңа ұңғыма санын бұрынғы мөлшерден қысқартты. Биыл 30 мамырда жоспарлы жұмыс көлемі таусылған соң, тапсырыс күрт кеміген екі айға жуық уақыт жұмыс сағатын қысқартуға тура келді. Тек кейін қосымша 32 ұңғымаға тапсырма келгесін бұрынғысынша 8 сағатқа көштік. Біз үшін басты міндет – қазіргі бар еңбекақы көлемін сақтап қалу болып отыр, - деді ол.

Хайроллаевтың айтуынша, тамыздағы «Бұрғылау» жұмысшыларының жаңа кәсіподақ сайлаған жиналысы заңға сай өтпеген деп кәсіподақ комитетінің бұрынғы құрамы шағым түсірген. Сондықтан бұл даулы мәселе қазір сотта қаралып жатқандықтан, кәсіподаққа қатысты сот шешімін күтуге тура келеді деді ол.

Бірақ компания құрылтайшысының сөзіне қанағаттанбаған жұмысшылар талаптары толық орындалмайынша ешқайда тапжылмайтындарын мәлімдеді.

«Бұрғылау» жұмысшылары бұған дейін тамыз айында бір апта бойы жұмысты тоқтатып, ереуіл өткізген. Олар кәсіпорында жұмыстың жоспарға сай атқарылып жатқанына қарамастан басшылықтың жұмыс уақыты мен еңбекақы көлемін қысқартып отырғанына шағымданған. Наразы жұмысшылар кәсіподақ жиынын өткізіп, оның жаңа құрамын сайлаған еді.

XS
SM
MD
LG