Accessibility links

Сот Сейітқазы және Әсет Матаевтарға түрме жазасын кесті


Сейітқазы Матаев (сол жақта) пен оның ұлы Әсет Матаев сотта өздеріне оқылып жатқан үкімді естіп тұр. Астана, 3 қазан 2016 жыл.
Сейітқазы Матаев (сол жақта) пен оның ұлы Әсет Матаев сотта өздеріне оқылып жатқан үкімді естіп тұр. Астана, 3 қазан 2016 жыл.

Астананың Есіл аудандық 2-сотында әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтарға үкім оқылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Ақболат Құрмантаев Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деп айыптап, алты жылға соттады.

Сот ҚазТАГ атенттігінің директоры Әсет Матаевты "қаржы жымқырды" деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Судья сонымен қатар Матаевтардың "қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкін" тәркілеп, өмір бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айыру туралы үкім кесті.

Үкім бойынша, Матаевтар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтемек.

Сейітқазы және Әсет Матаевтарды судьяның үкімі бойынша сот залынан тұтқындап алып кетті.

Үкім оқылған соң Матаевтардың адвокаты Мадина Бакиева үкімге қарсы шағым беретінін хабарлады.

Бұған дейін соттағы жарыссөз кезеңінде прокурор Ержан Құрақбаев судьядан Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты 6 жылға соттауды сұраған еді.

Өткен аптада сотта соңғы сөізнде Сейітқазы Матаев өзін Ұлттық баспасөз клубының активі мен мүлкін "рейдерлік жолмен тартып алу" тапсырмасымен қудалап жатқанын мәлімдеген. Ол өзіне қарсы істі "саяси тапсырма" деп атаған.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.

Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG