Accessibility links

ЕҚЫҰ: Матаевтар үкімі Қазақстандағы сөз бостандығына зиян келтірмек


Дуня Миятович, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі.
Дуня Миятович, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтарға шыққан сот үкімі Қазақстандағы БАҚ плюрализміне зиянын тигізуі мүмкін деп алаңдайтынын білдірді.

ЕҚЫҰ таратқан мәлімдемеде ұйымның сөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович Матаевтарға шыққан үкім Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне зиян тигізуі мүмкін екенін айтқан. "Қазақстандағы сот жүйесінің тәуелсіздігіне қол сұғу ниетім жоқ, дегенмен, Қазақстандағы ақпарат құралдарының көрнекті өкілдеріне шыққан сот үкімі мені таңдандырды" деген Миятович.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

ЕҚЫҰ өкілінің пікірінше, сот үкімі салдарынан ҚазТАГ пен Ұлттық баспасөз клубы жабылып, ол Қазақстандағы баспасөздің әралуандылығына зардап келтіруі мүмкін.

XS
SM
MD
LG