Accessibility links

"Бұрғылау" жұмысшылары мен басшылығы әлі келісе алмай отыр


"Бұрғылау" кәсіпорнының автобекетіне жиналған жұмысшылар талаптарын орындауды талап етіп отыр. Жаңаөзен, 4 қазан 2016 жыл.
"Бұрғылау" кәсіпорнының автобекетіне жиналған жұмысшылар талаптарын орындауды талап етіп отыр. Жаңаөзен, 4 қазан 2016 жыл.

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшыларының наразылығы жалғасып жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қала сыртындағы автобекетке топталған жұмысшылар автобекет алдына ілген ұрандарын «Мұнайшылар мүддесі қорғалсын!», «Кәсіподақ төрағасы ортамызға келсін!», «Жазықсыз жұмысшыларды қуадалау тоқтатылсын!» деген сөздермен тағы бір жаңалап қойды.

Қазанның 4-і күні «Бұрғылау» кәсіпорнының директоры Дүйсенбай Таушанов пен оның құрылтайшысы «MH Industry» компаниясының бас директоры Төлеген Аджыбаев журналистерге арнайы брифинг өткізіп, жұмысшылардың өздері сайлаған кәсіподағын мойындаудан бас тартатынын мәлімдеді.

Төлеген Аджыбаевтың айтуынша, жұмысшылар 5 қыркүйекте өткіздік деп отырған кәсіподақ конференциясы да заңсыз.

- Ол жиынға мен де қатыстым. Онда депутаттар болған жоқ. Депуттатардың болуы басты шарт. Егер бұл кәсіподақты мойындайтын болсақ ертең бұрынғы кәсіподақ бізді сотқа береді, олармен келісім шартымыз бар, - деді Аджыбаев.

Төлеген Аджыбаев жұмысшылар сайладық деген Сәдуақас Бекқалиевті егер кәсіподақ төрағалығынан бас тартса, жұмысқа алу туралы келісім болғанын растады.

- Ол "мені жұмысқа қайта қабылдаса бәрінен бас тартамын деп уәде берді. Бірақ жиналыста ол басқаша әрекет етті, - деді Төлеген Аджыбаев.

«Бұрғылау» директоры Дүйсенбай Таушановтың ойынша, жұмысшылардың дені жұмысқа шыққысы келеді, "бірақ арасындағы белсенділері кедергі болып отыр".

- Олар 350-400 мың теңге жалақы алады. Сұрап отырған бірыңғай еңбекақы жүйесі мен жалақыларының арасындағы айырмашылық - бар болғаны 7-8%, - деді Дүйсенбай Таушанов.

«Бұрғылау» автобекетіне жиналып тұрған жұмысшылар басшыларының бұл уәжімен мүлде келіспейтіндерін айтты.

- 5 қыркүйекте болған кәсіподақ конференциясына жұмыс беруші тараптың барлық өкілі дерлік қатысты. 52 делегат болды. Сәдуақас Бекқалиев кандидатурасын толық қолдады. Төлеген Аджыбаевтың өзі оның қолын алып, бірігіп жұмыс істеуге шақырған. Біздің қолымызда бейне таспада бәрі жазулы, - деді «Бұрғылау» жұмысшысы Бекарыс Төлесинов.

Оның сөзінше, аштық жариялауға бекінген жұмысшылар саны 500-ге жетті.

«Халықпен, жұмысшылармен санаспай отыр» деп айқайлаған жұмысшылар кәсіподаққа қысым тоқтатылмай наразылықтан қайтпайтынын айтты.

XS
SM
MD
LG