Accessibility links

AI Астананы Боқаев пен Аян сотында өз міндеттемелерін орындауға шақырды


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сот залында отыр. Атырау, 12 қазан 2016 жыл.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісін қарау кезінде "сот процесін әділ өткізудің халықаралық барлық талаптары толықтай сақталатынынан" үмітті екенін білдірді. Лондонда орналасқан Amnesty International бұл мәлімдемесін Атырауда Боқаев пен Аянның ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы өткен 12 қазан күні жариялады.

"Атырау қалалық сотының шешімінің Қазақстанның елдегі негізгі құқықтар мен еркіндіктерді қорғау және сақтау саласында өзіне алған міндеттемелерін орындауы тұрғысынан алғандағы маңызы зор болмақ" делінген Amnesty International мәлімдемесінде.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "алауыздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

Бұған дейін Amnesty International Қазақстан билігін Боқаев пен Аянды қамаудан босатуға шақырған.

10 қазанда Human Rights Watch халықаралық ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі "Макс Боқаев пен Талғат Аян қарсылық білдіру құқығын пайдаланғаны үшін де, өзгелерді қарсылық білдіруге шақырғаны үшін де қамалмауы тиіс. Үкімет саясатына қарсылығын білдіру - қылмыс емес" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG