Accessibility links

Сот биліктің Серік Ахметовке қарсы шағымын жартылай қанағаттандырды


Экс-премьер Серік Ахметов өзіне қарсы сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 25 тамыз 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметов өзіне қарсы сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 25 тамыз 2015 жыл.

Қарағанды соты бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Адамбеков және Қарағанды қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы бастығы Айдос Жәкеновтен мемлекет пайдасына 148 миллион теңгеден астам қаржы өндіруге шешім шығарды. Бұлардың барлығы коррупцияға қатысты іс бойынша сотталған.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің аталған экс-шенеуніктерге қарсы шағымы жартылай қанағаттандырылды. Шағымданушы материалдық шығын ретінде 201 миллион теңге өндіріп беруді талап еткен. Әкім Серік Ахметов пен оның ісі бойынша сотталған бұрынғы бірнеше шенеунік мүддесін қорғаған делінген "СтальЦинк" компаниясының қызметі салдарынан "мемлекетке келген шығынды" 201 миллион теңге деп бағалаған. Шағымданушының пікірінше, компанияға иелік ететін Серік Ахметовтің ұлы көшеге қойылатын шамдарды негізсіз қымбаттатылған бағамен орнатып, оның салдарынан бюджетке шығын келген.

Сотталушылар мен олардың адвокаттары 17 қазанда шыққан сот шешімімен келіспейді.

- Біз апелляциялық шағым береміз. Мемлекетке материалдық шығын келтірілді дегенмен келіспейміз және бұрынғы ұстанымнан айнымаймыз. Біздің пікірімізше, шығын дәлелденген жоқ, - деді Бауыржан Әбдішевтің адвокаты Нұрлан Бақбергенов Азаттыққа. Әбдішев бұған дейін мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан.

Ал Қазыбек би аудандық сотында Әбдішев, Адамбеков және Жәкеновтің үстінен берілген тағы бір азаматтық шағым бойынша сот тыңдауы аяқталды. Шешім қыркүйектің соңында шыққан. Билік бұрынғы шенеуніктерден істің "ЕуроСтандарт - Қарағанды" компаниясымен байланысты эпизоды бойынша мемлекетке келген шығын ретінде үш миллион теңге өндіруді талап еткен. Адвокаттар мемлекетке шығын келмегенін дәлелдеген. Бірақ шағымданушы - Қарағанды қалалық әкімдігінің мәдениет және демалыс парктерін және алаңдарды басқару басқармасы соттың ол шешіміне апелляциялық шағым берген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG