Accessibility links

FT: Трамптың жобаларының біріне Қазақстаннан жымқырылған қаржы салынған


Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов. Сурет Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.

Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов. Сурет Виктор Храпуновтың сайтынан алынды.

Қазақстанның бұрынғы шенеунігі қызы қаржысын жасыру үшін АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың компанияларына тиесілі жылжымайтын мүлік сатып алған деп хабарлады 19 қазанда Financial Times (FT) газеті.

Басылым редакцияда бұрын Қазақстанның энергетика министрі, Алматы әкімі болған Виктор Храпуновтың қызы Эльвира Кудряшованың Нью-Йорктегі Манхэттенде Trump Soho ғимаратында жалпы құны үш миллион 100 мың доллар тұратын үш пәтерді сатып алғанын растайтын құжаттардың көшірмесі барын айтады. Пәтерлер жалған компаниялар арқылы сатып алынып, ақшасы америкалық Wells Fargo банкінің есепшотынан аударылған. Басылымның дерегінше, Эльвира Кудряшова қазір Калифорнияда тұрады.

Виктор Храпунов пен оның әйелі Ләйлә Храпунова 2007 жылы Қазақстаннан Швейцарияға қашып кеткен. Швейцария билігі Қазақстанның сұрауы бойынша Храпунов пен оның отбасының байлығын қалай тапқанын тексеріп жатыр. Қазақстан билігі Храпуновты қайтару туралы өтініш берген. Бірақ ол айыпты жоққа шығарады.

FT мәліметінше, Храпуновтың отбасы бизнесі "Швейцария заңдарына сай жүргізіліп жатқанын" айтып, редакцияның сауалдарына жауап бермеген.

Басылымның дерегіне қарағанда, Трамп пен оның серіктестерінің компанияларына тиесілі үйдегі үш пәтер 2013 жылы сәуірде сатып алынған. Бұл кезде Trump Soho жобасына клиенттердің қызығушылығы төмендеп, ғимаратты салғандардың оған жұмсаған қаржысын қайтарып алуы қиын екені белгілі болған.

Дональд Трамптың өкілі Трамптың фирмасы "пәтер сатумен айналыспағанын" мәлімдеді. Сатып алушыны іздеу және оларды қаржылық тұрғыдан тексерумен Трамппен серіктес Bayrock және Sapir Organisation компаниялары айналысқан.

Бұған дейін Дональд Трамптың өзі Ресей мен постсоветтік елдерден сатып алушы клиенттері көп екенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG