Accessibility links

Бишімбаев: Жаңа "Нұркент" қаласын салуға 11 миллиард теңге сұрайды


Қуандық Бишімбаев, ұлттық экономика министрі.
Қуандық Бишімбаев, ұлттық экономика министрі.

Алматы облысының әкімдігі Қазақстан-Қытай шекарасында "Нұркент" деп аталатын жаңа қаланың инженерлік инфрақұрылымына 11,3 миллиард теңге (шамамен 33 миллион доллар) сұрайды деп хабарлады ұлттық экономика министрлігі.

Бүгін Астанада ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев аймақтардан инфрақұрылымдар салуға миллиардтаған қаржы бөлуді сұраған өтініш көптеп түсіп жатқанын айтты. Бишімбаев мысал ретінде Астанада ішкі істер департаментінің құрамын орналастыратын нысандарға 21,7 миллиард теңге сұралғанын, Батыс Қазақстан облысы жыл сайын жол жөндеуге жеті миллиард теңгеден бөліп отыруды, Қызылорда облысы әуежайды жаңалауға 800 миллион теңге сұрайтынын келтірді.

Әзірге жоба жүзіндегі "Нұркент" қаласын билік халықаралық "Қорғас" шекаралық ынтымақтастық орталығы мен арнайы экономикалық аймақтың бір бөлігі ретінде көріп отыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл қыркүйекте Алматы облысына сапарында жаңа қаланың бас даму жоспарымен танысқан. Қаланы сол кездің өзінде "Нұркент" деп атау ұсынылған.

Қазақстан билігі жоспар бойынша 20 жылдан соң қалада 100 мыңға жуық халық тұрады дейді. Әзірге жоспардағы қала орнында теміржолшылардың елді мекені орналасқан.

XS
SM
MD
LG