Accessibility links

БҰҰ: ИМ Мосулда бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатыр


Ирак үкіметі әскері мен Мосулдағы ИМ-нің ұрысынан бас сауғалап қашқан мосулдықтар. Ирак, 24 қазан 2016 жыл.
Ирак үкіметі әскері мен Мосулдағы ИМ-нің ұрысынан бас сауғалап қашқан мосулдықтар. Ирак, 24 қазан 2016 жыл.

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырлары Ирактың Мосул қаласында бейбіт тұрғындарды қырып жатыр. ИМ-нің Ирактағы соңғы тірегі - Мосулға Ирак әскері мен күрдтердің қарулы жасақтары шабуылдап барады.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссиясының хабарлауынша, 25 қазанда Мосулдан 35 километр қашықтықтағы Тулуп Насер елді мекенінде оқ тиіп өлген 70 адамның мәйіті табылған. Бірақ БҰҰ комиссиясы адамдарды қыру оқиғасы болғанын тәуелсіз дереккөзінен анықтау мүмкін болмай тұрғанын айтады.

Комиссия өкілі Руперт Колвиль сарапшыларға содырлардың әйелдерге, балалар мен әскери емес ер адамдарға шабуылдағаны туралы ақпарат түсіп жатқанын айтты.

19 қазанда Мосулдан 45 километр қашықтықтағы Сафина елді мекенінде 15-тей адамды өлтіріп кеткен. Кейбір ақпаратқа қарағанда, олардың денелерін суға ағызып жіберген. Колвильдің сөзі бойынша, сол елді мекенде тағы алты адамды көлікке байлап, сүйретіп өлтірген.

XS
SM
MD
LG