Accessibility links

Экономистер ҚҚС-ның шектік мөлшерлемесін азайтуға қарсы шықты


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстандық бір топ экономист бүгін интернетте ұлттық экономика министрлігінің қосымша құн салығының (ҚҚС) шектік мөлшерін азайту бастамасына қарсылық білдіріп, мәлімдеме жариялады.

Экономистер министрлік бастамасын "шағын бизнеске қосымша салық салу" деп атап, ұсыныс бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды және бюджеттің тиімді жұмсалуы мәселесін шеше алмайды деп мәлімдеді.

Мәлімдемеге экономистер Төлеген Асқаров, Жарас Ахметов, Саян Қамбаров, Меруерт Махмұтова, Әсет Наурызбаев, Расул Рысмамбетов, Мұхтар Тайжан және Рақым Ошақбаев қол қойған. Олар ҚҚС-ның шектік мөлшерін азайту көлеңкелі бизнеске шектеу қоя алмайды, керісінше "орта және ірі бизнестің шағын бизнестерге бөлшектенуіне әкеліп соқтырады" деп санайды.

Сарапшылар үкіметті, мәжіліс депутаттары мен шағын бизнес ассоциацияларын аталған ұсыныстың қабылданбауына ықпал етуге, ұсыныстың шағын және орта бизнеске түсіретін салықтық жүктемесінің салдарын жан-жақты талдауға шақырады.

Таяуда ұлттық экономика министрлігі салық салу және кеденді әкімшілендіру жөніндегі заң жобасын даярлаған. Жобада 2020 жылға қарай ҚҚС бойынша есепке қою үшін шектік мөлшерлемені кезең-кезеңімен 15000 айлық есептік көрсеткішке дейін (бір айлық есептік көрсеткіш - 2121 теңге) азайту ұсынылған. Қазір шектік мөлшерлеме 30000 АЕК-ті құрайды.

XS
SM
MD
LG