Accessibility links

Йеменде әуе шабуылынан кемінде 60 адам қаза тапқаны хабарланды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Йеменде қарулы шиит көтерілісшілері хуситтер бақылауындағы Ходейда қаласына жасалған әуе шабуылы салдарынан кемінде 60 адам қаза тауып, ондаған жараланғаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін мерт болғандар саны 45 адам деп хабарланған.

Reuters агенттігінің ақпараты бойынша, бомба түскен түрмеде 80-ге жуық тұтқын болған. Әуе шабуылын Сауд Арабиясы жетекшілігіндегі араб елдері коалициясы жасаған деген болжам айтылып отыр. Коалиция өкілдері әуе шабуылына қатысы бары туралы әзірше растаған жоқ.

Қазанның 8-і күні Эр-Рияд басшылық жасайтын коалиция Йемен астанасы Сана қаласында жерлеу рәсіміне қатысып жатқан адамдарға әуе шабуылын жасаған. Оқиғадан 200-ден астам адам мерт болып, 500-ден аса адам жараланған. Бұл шабуылдан кейін АҚШ қауіпсіздік кеңесінің өкілі Нед Прайс Вашингтон коалицияға қолдау көрсету туралы шешімін өзгертуі мүмкін екені туралы мәлімдеген.

Йеменде 2014 жылы қыркүйекте басталған қарулы жанжалда халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет күштеріне Сауд Арабиясы бастаған араб мемлекеттері коалициясы жәрдемдесіп отыр. Ал үкіметке қарсы шайқасып жатқан шиит көтерілісшілері – хуситтерге Иран бейресми тұрғыда қолдау көрсетеді.

XS
SM
MD
LG