Accessibility links

Ұлыбритания барлау қызметі: Ресей агрессиясы артып келеді


Эндрю Паркер, Ұлыбритания барлау агенттігінің басшысы

Эндрю Паркер, Ұлыбритания барлау агенттігінің басшысы

Ұлыбритания барлау агенттігінің (MI5) басшысы Эндрю Паркер Ресей Батыстағы бәсекелестерін тұқырту үшін "бұрынғыдан да бетер агрессиялық іс-қимылға" көше бастағанын ескертті.

"Ресей сыртқы саясатын барынша агрессивті түрде - пропаганда, тыңшылық, диверсия және кибершабуылдар арқылы іске асыру үшін барлық мемлекеттік органдары мен күшін сарқа пайдаланып отыр. Ресей қазір бүкіл Еуропа мен Ұлыбританияда жұмыс істеп жатыр. MI5 осының барлығына тосқауыл қоюы керек" деді Эндрю Паркер Guardian басылымына берген сұхбатында.

Британ әскери кемелері қазанның басында Солтүстік теңіз арқылы Жерорта теңізіне өткен Ресейдің "Адмирал Кузнецов" авианосецін қақпайлап жүрген. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей авианосеці Солтүстік теңізі арқылы "Ұлыбритания және НАТО күштерін сынап көру үшін өткені айдан анық" деген.

"Ресей өзін Батысқа барынша қарсы қойып, соған сай әрекет етіп жатқан сияқты болып көрінеді" деген Паркер мұны Ресейдің Украина мен Сириядағы әрекеттерінен байқауға болатынын айтады.

"Бірақ мұнда кибер шабуылдың қаупі шегінен асып кетті. Ресей ондаған жылдар бойы кибер шабуылдар жасап келген. Тек бұрынғыдан айырмашылығы - технологияның жаңа түрлері дамып жатқандықтан қазір кибер шабуылды жасау тәсілдері де көптеп саналады" деді британ барлау агенттігінің басшысы.

XS
SM
MD
LG