Accessibility links

Қазақстандық компания: Қырғызстандағы науқас өліміне препаратымыз себеп болған жоқ


Қазақстандық туберкулезге қарсы ФС-1 препаратын жасап шыққан "Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы" компаниясының өкілдері баспасөз конференциясында. Алматы, 8 қараша 2016 жыл.

Қазақстандық туберкулезге қарсы ФС-1 препаратын жасап шыққан "Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы" компаниясының өкілдері баспасөз конференциясында. Алматы, 8 қараша 2016 жыл.

Қазақстандық туберкулезге қарсы препараттарды жасағандар Қырғызстанда қайтыс болған екі адамға өздерінің препаратының қатысы жоғын мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілішісі. Бүгін Алматыда өткен "Аса төзімді туберкулез: қазақстандық ФС-1 препаратын клиникада сынау" деп аталған баспасөз конференциясында ФС-1 препаратын жасаған "Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы" компаниясының өкілдері сөйледі. Бұған дейін Қырғызстан бас прокуратурасы елде осы препаратты клиникада сынақтан өткізу нәтижесінде екі науқастың қайтыс болғанын хабарлаған.

Компанияның ғылыми жетекшісі Марат Құлмановтың айтуына қарағанда, 2014 және 2016 жылы екі науқастың қайтыс болуына "дәріге төзімді туберкулездің" асқынып кетуі себеп болған. Оның сөзінше, Қырғызстанда қайтыс болғандар ФС-1 препаратын емес, "тікелей емдік қасиеті жоқ бейтарап субстанцияны" қабылдаған.

Құлмановтың сөзіне қарағанда, қайтыс болғандардың бірінде туберкулезді емдейтін циклосерин және протиноамид препараттарына "жанама әсер" болғаны анықталған.

Компанияның атқарушы төрағасы Александр Ильин Қазақстан түрмелерінде жоспарланып отырған препаратты сынау ерікті түрде, жалпы терапиялық негізде жүргізілетінін айтты.

"Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығының" мәліметінше, ФС-1 препаратын Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2015 жылы сәуірде дайын емдік дәрі ретінде тіркеген. Орталық дегенмен оны клиникалық сынақтан өткізу әлі жалғасып жатқанын айтады. Өткен айда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ФС-1 препараты Қазақстанда сатылымда жоқ екенін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG