Accessibility links

Дональд Трамп - АҚШ президенті сайлауының жеңімпазы


АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткен кандидат Дональд Трамп.
АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткен кандидат Дональд Трамп.

АҚШ президенті сайлауында соңғы мәліметтер бойынша, республикашыл кандидат Дональд Трамп жеңіске жетті. Енді ол АҚШ-тың 45-президенті атанбақ. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Трамп сайлаушылар алқасында 276 дауыс жинады. Президент болып сайлану кандидат үшін сайлаушылар алқасындағы 540 дауыстың кем дегенде 270-ін жинауы тиіс. Оның қарсыласы, демократ Хиллари Клинтон 218 дауыс жинады.

Дональд Трамп АҚШ-тың орталық және оңтүстік штаттарында, солтүстіктегі штаттардың біразында жеңіске жетті. Ол Флорида, Техас, Огайо, Висконсин, Пенсильвания, Солтүстік Каролина сияқты сайлаушылар алқасында даусы көп штаттарда жеңді.

АҚШ-тың орта батысындағы Миннесота, Мичиган штаттарында, солтүстік-шығыс Нью-Гэмпшир штатында және батысындағы Аризона штатында дауыс әлі саналып жатыр.

Хиллари Клинтонның сайлауалды штабының менеджері Джон Подеста Нью-Йоркте Клинтонның бүгін кешке көпшілік алдында сөйлемейтінін айтты.

Нью-Йорктен шыққан бизнесмен әрі реалити-шоу жүргізушісі Дональд Трамп биыл жазда Республикашыл партия праймеризінде күтпеген жерден жеңіп шығып, партия атынан президент сайлауына түсті.

Ожарлау миллиардер саясаттанушылар мен партия басшылығын тегіс таңғалдырып, басқа 16 үміткерді шаң қаптырып, шілде айында Кливлендтегі партия съезінде кандидат ретінде ресми түрде ұсынылды.

Трамптың сайлау кампаниясы жұмыс орындарын көбейтіп, салықтарды азайту арқылы "Американы қайтадан ұлы елге айналдырамыз" деген ұранмен өтті. Дегенмен, ол бұл жоспарының жай-жапсарын толық айтқан жоқ әрі көзқарасын жиі өзгертіп отырды.

"Заң мен тәртіпті күшейтемін" деген ол заңсыз иммиграцияға тосқауыл қою үшін АҚШ пен Мексика арасына биік дуал тұрғызатынын, әрі оның шығындарын Мексикаға өтеткізетінін мәлімдеді.

Бұған қоса, ол террористерді табу үшін мұсылман иммигранттарды "қатаң түрде" тексерткізетінін, тіпті мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салатынын да айтты, бірақ кейіннен бұл идеясынан бас тартты.

XS
SM
MD
LG