Accessibility links

Наурызбай ауданы тұрғындары жерге меншік құқығын қалпына келтіруді талап етті


Шұғыла тұрғындары Алматы әкімдігінің алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. 25 қараша 2016 жыл.

Шұғыла тұрғындары Алматы әкімдігінің алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. 25 қараша 2016 жыл.

Бүгін, 25 қарашада Алматы қаласы Наурызбай ауданы Шұғыла ықшам ауданының бір топ тұрғыны Алматы қалалық әкімдік алдына жиналып, өздеріне тиесілі жерге меншік құқығын қалпына келтіруді талап етті.

Тұрғындардың айтуынша, «Алматы әкімдігіне барады» деген сөз шыққалы құқық қорғау органдары түрлі қысым жасауға талпынғаны байқалған. Кеше түнде келіп, "әкімдікке бармаңдар" деп қорқытқысы келген адамдар болған, ал бүгін таңертен осы жиынға арнайы автобуспен келе жатқан отызға жуық адамды "полиция жолдан кері қайтарғанын" айтады.

Шұғыла тұрғындарының сөзінше, бұрын Алматы облысы Қарасай ауданына қараған Шұғыла ауылы 2014 жылы Алматы қаласының аумағына қосылғалы жер дауы өршіп кеткен. Тұрғындардың көпшілігі бұрын Қарасай ауданы әкімдігі шығарған шешім негізінде өздеріне белгіленген учаскелерге үй салып алған, бірақ ресми құжат - мемлекеттік акт алып үлгермеген. Ал Шұғыла ауылының аумағы Алматы қаласына қосылған кезде әлдебір компаниялардың меншігіне өтіп кеткені, одан Алматы қаласының әкімдігі «мемлекет қажеттілігі үшін» алғаны белгілі болған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғындар жер дауы бойынша сот ісі бірнеше жылға жалғасқанын, биыл 26 қазанда Наурызбай аудандық соты Шұғыла тұрғындарының шағымын қанағаттандырғанын айтады. Олардың сөзінше, сот шешімі ертең, яғни 26 қарашадан бастап күшіне енеді.

Шұғыла ауылының бір топ тұрғыны Алматы әкімі Бауыржан Байбек шығып, мәселенің мән-жайын түсіндіреді деп күтті. Бірақ әкім де, орынбасары да «жұмыс орындарында жоқтығына» байланысты бірнеше тұрғынды Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов қабылдады. Сот шешімі күшіне енгенге дейін күте тұруды айтқан ол басқа мағлұмат беруден бас тартты.

Алматы қаласында жаңадан ашылған Наурызбай ауданы Шұғыла ықшам ауданының тұрғындары бұрын да жер, үй дауына байланысты наразылық білдірген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG