Accessibility links

Алматыда БАҚ туралы заңға өзгерістерді талқылады


"Сорос-Қазақстан" қорының өкілі Әлия Шәріпбаева (солдан оңға қарай), "Әділсөз" ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Берік Рахымов қоғамдық тыңдауда отыр. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

"Сорос-Қазақстан" қорының өкілі Әлия Шәріпбаева (солдан оңға қарай), "Әділсөз" ұйымының жетекшісі Тамара Калеева, ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Берік Рахымов қоғамдық тыңдауда отыр. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

Алматыда бүгін ақпарат және коммуникация мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасына қатысты қоғамдық тыңдау басталды. Тыңдау "Әділсөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының бастамасымен өтіп жатыр. Жиынға ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Бекзат Рахымов қатысып жатыр.

Тыңдауда ендігі бірнеше мәселе айқындалып қалды. Мысалы, БАҚ-тың өзінің жарияланым мерзімі туралы міндетті түрде хабарлап отыру жауапкершілігі мәселесі көтерілді. Талқылауға қатысып жатқан аймақтық БАҚ өкілдері жарияланым мерзімдерін қате көрсеткен жағдайда көрілетін әкімшілік жауапкершілікті жоюға шақырды. Бұл мәселені Оралдағы "Регион Евразия" газетінің иесі әрі бас редакторы Жанар Дәулетова да көтерді.

Министрлік өкілі Бекзат Рахымовтың айтуына қарағанда, ведомство онсыз да БАҚ өкілдеріне жеңілдік жасап, бұған дейінгі жарияланым мерзімі туралы қате ақпар берген жағдайда газеттің басылып шығуын уақытша тоқтату туралы жауапкершілікті жойған. Бірақ бұл заң бұзушылық үшін айыппұл түрінде жауапкершілікке тарту күшінде қалған. Рахымов министрлік бақылау жүргізу қажет болғандықтан жарияланым мерзімін қате бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту нормасынан толық бас тарта алмайтынын айтты. Оның сөзінше, мұндай әкімшілік жауапқа тарту - цензура емес.

Аймақтық БАҚ өкілдері экономикалық жағдайға сілтеп, жарияланым мерзімі үшін көрілетін әкімшілік жауапкершілікті жоюды талап сұрады.

Қарашаның басында ақпарат және коммуникация министрлігі ресми сайтында ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын жариялаған. Бұл заң жобасының концепциясы қыркүйекте электрондық үкімет сайтында жарияланған еді. Жобаның кейбір тұстарына, әсіресе дербес мәліметтерге қатысты ұсыныстарына журналистер мен құқық қорғаушылар қарсылық білдірген.

Жобада журналистерді ақпараттың шынайылығын тексеріп, жеке басына қатысты мәліметтері жарияланатын адамнан немесе өкілінен оның жеке бас мәліметтерін жариялауға рұқсат алуға міндеттеу қарастырылған. Құжат бойынша, жеке адамның ресми және ақпараттық хабарламаларда келтірілген мәліметтерін жариялауға шектеу қойылмайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG