Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты айыптылар сотталды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимараты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сот ғимараты. Ақтөбе, 24 қазан 2016 жыл.

Ақтөбеде бүгін 5 маусымдағы қарулы шабуылға қатысты айыпталған 29 адамға сот үкімі шықты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот жеті айыпталушыны - Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Әрсен Таңатаров, Асхат Рахметов, Әнуар Садықов, Асхат Иманғалиев және Бақыт Қуанышбаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу жазасын кесті. Азамат Әбдірахманов 20 жылға, Айдос Жұбанов 22 жылға сотталды. Олардың барлығына бірнеше бап, оның ішінде "қарулы қарақшылық, екі немесе одан да көп адам өлтіру, теракт жасау баптары бойынша айыптар тағылған.

19 сотталушыға түрлі мерзімде жаза кесілді. Оның ішінде "қылмысты хабарламады" деп айыпталған жеті адам бес жылға, жеті адам төрт жылға, үш адам үш жылға, бір адам екі жылға, сотталды. Ал "қылмысты жасырды" деп айыпталған М.Ердауовқа 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, Ү.Өтеповке төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.

Бұған дейін Ақтөбе облыстық соты "қолына қару алып, шабуылға қатысты" деп айыпталғандардың жетеуі соңғы сөздерінде соттан өмір бойы бас бостандықтарынан айырмауды сұрағанын хабарлаған. Ал мемлекеттік айыптаушылар 22 және 25 жылдық жаза сұраған Азамат Әбдірахманов пен Айдос Жұбанов жазаларын жеңілдетуді өтінген".

"Қылмысты хабарламады" деген айыппен қамалған 17 адам соңғы сөзінде бас бостандықтарынан айырмауды, тап осындай айып тағылған Рустам Гацаев соттан өзін ақтап шығуын сұраған. Соңғы сөзін айтқандардың барлығы дерлік істеген істеріне өкінетіндерін айтып, жазаларын жеңілдетуді өтінген.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG