Accessibility links

Янукович Еуромайдан акциясында оқ атуға бұйрық бергенін жоққа шығарды


Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович Киевтегі сотта видеоконференция арқылы жауап беріп тұр. Киев, 28 қараша 2016 жыл.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович Киевтегі сотта видеоконференция арқылы жауап беріп тұр. Киев, 28 қараша 2016 жыл.

Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович Украинада өтіп жатқан сотта видео байланыс арқылы берген жауабында Еуромайдан акциялары кезінде полицияға демонстранттарға қарсы оқ атуға бұйрық бермегенін мәлімдеді. Украинаның "Беркут" арнайы жасағы сарбаздарының демонстранттарға қарсы оқ ату ісі бойынша сот 28 қарашада Киевте қарала бастаған. Бұл істе куәгер ретінде тартылған Янукович сотқа Ресейдің Ростов облыстық сотынан видеоконференция арқылы жауап берді.

Украина бас прокуроры Юрий Луценко сот басталған соң Ресей билігіне Януковичтің мемлекетке сатқындық жасады деген күдікке ілінгені туралы ескерту жолданғанын мәлімдеді. Бұдан соң Луценко Янукович "басқыншылық соғысқа жол ашып", Украинаның егемендігін бұзғанын айтты.

"Мен әуел бастан қантөгіске қарсы тұрдым. Менің ондай бұйрық беруге құзыретім болған жоқ" деді Янукович сотта.

Украиндықтардың көпшілігі бұл іс бойынша Януковичтің өзінің сотқа тартылмағанына наразы.

Янукович әуелде 25 қарашада жауап береді деп жоспарланған еді. Бірақ ұлтшыл "Оңшыл сектор" тобының наразы өкілдері бес сотталушының Киев сотына әкелуіне кедергі жасағандықтан сот кейінге қалдырылған.

"Беркут" жасағының бұрынғы сарбаздары Александр Маринченко, Сергей Тамтур, Олег Янишевский, Павел Аброськин және Сергей Зинченко Киевтің Институтский көшесінде Еуромайдан акциясына қатысқан 48 демонстранттың өліміне қатысы бар деп айыпталып отыр. Бірақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Бұл іс бойынша "Беркут" жасағының 25 қызметкері мен басшылық құрамы күдікке ілінген.

Украинаның қазіргі билігі 2014 жылы қыста арнайы жасаққа демонстранттарға оқ атуға Виктор Януковичтің өзі бұйрық берген деп біледі. Янукович өзін биліктен кетірпген толқудан соң Ресейге қашып кетіп, сонда тұрып жатыр. 2013 жылдың қарашасында басталып, үш айға созылған толқулар кезінде Киевте 100-ден астам демонстрант құрбан болған.

XS
SM
MD
LG