Accessibility links

Астана соты үлескерлер қаржысын жымқыру ісіне қатысты үкім шығарды


Астанада салынып жатқан үйлердің бірі (Көрнекі сурет).
Астанада салынып жатқан үйлердің бірі (Көрнекі сурет).

Астананың Алматы аудандық №2 соты "Жеті-Жол", Гарант", "Комсомольский", "Садовые кварталы", Expo City, "Ацсанам De Luxe", "Комфорт De Luxe" және "Династия" тұрғын үй кешендері үлескерлерінің қаржысын жымқыруға қатысты айыпталғандарға үкім шығарды. Қалалық соттың 28 қараша күні кешке хабарлауынша, бұл іс бойынша сотқа тартылған 10 адам "аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті жымқырды" деп танылған. Олардың тоғызына үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру және жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеу үкімі кесілген. Бір айыптыға алты жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген. Сот шешімі бойынша олардың барлығы бес жылға дейін материалдық жауапкершілік арқалайтын және әкімшілік-басқаруға қатысты қызметтерді атқару құқығынан айырылған.

Сот алты жылға шартты мерзімге сотталған, жас баласы бар В.П. Мирошниченконың сот жазасын орындауды бес жылға кейінге қалдырған. Сегіз сотталушы сот залынан қамауға алынған.

Соттың баспасөз қызметі жәбірленушілердің, олардың өкілдері мен бірқатар тұрғынүй құрылысы кооперативтерінің материалдық залалды өндіріп беру туралы азаматтық өтініштері қанағаттандырылғанын айтады.

Сотталушылар мен "Азбука Жилья" компаниялар тобының мүліктеріне салынған арест "соттың жәбірленушілердің шығынды өндіріп беру туралы азаматтық талап-арызынын орындау үшін" алынған. "Сот сотталушылар мен "Азбука Жилья" компаниялар тобының мүліктерін келтірілген залалды орнына келтіру үшін және "Жеті-Жол", Гарант", "Комсомольский", "Садовые кварталы", Expo City, "Ацсанам De Luxe", "Комфорт De Luxe" және "Династия" тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау үшін жәбірленушілердің есебіне беруді шешті" делінген соттың ақпаратында.

Астанада "Азбука Жилья" компаниялар тобының бірнеше нысанына қаржы салған төрт мыңға тарта үлескер пәтерлерін белгіленген мерзімде ала алмады. Іздеуде жүрген "Азбука Жилья" компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов биыл мамырда Австрияда ұсталған. Оған қатысты іс бөлек қозғалған.

Тергеу мәліметіне қарағанда, «Азбука жилья» компаниялар тобының басшысы Ерқанат Тайжанов 2012-2015 жылдары үлескерлердің 42 миллион доллар қаражатын қолды қылған. Ерқанат Тайжанов бұған дейін парламент мәжілісінің депутаты болған, бірақ 2008 жылы мандатын мерзімінен бұрын тапсырған.

XS
SM
MD
LG