Accessibility links

SOHR: Алепподан мыңдаған адам бас сауғалап қаша бастады


Алеппоны тастап қашып бара жатқан тұрғындар. Сирия, 27 қараша 2016 жыл.

Алеппоны тастап қашып бара жатқан тұрғындар. Сирия, 27 қараша 2016 жыл.

Сирияның үкімет әскері Алеппоның шығысындағы аудандарды көтерілісшілерден қайтарып алған соң мыңдаған бейбіт тұрғын қаладан бас сауғалап қаша бастады.

Сирия мемлекеттік телеарнасы 28 қарашада үкімет әскері қаланың шығысындағы маңызды бірнеше ауданды көтерілісшілерден тартып алғанын хабарлаған. Алеппоның шығысын басып алу үкімет әскері үшін стратегиялық маңызы бар үлкен жеңіс және ол көтерілісшілерге күйрете соққы беруге мүмкіндік жасайды.

Ұлыбританияда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымы көтерілісшілер Алеппоның шығысындағы бірнеше күн бұрын ғана бақылауда ұстап тұрған территориясының үштен бірінен айырылғанын хабарлады.

"Бұл - оппозицияның Алепподағы 2012 жылдан бергі ең ірі жеңілісі" деп мәлімдеді ұйым жетекшісі Рами Абдулрахман.

Сирия үкімет күштері соңғы апталарда Ресей әскери ұшақтарының қолдауымен Алеппоға шабуылын үдеткен. Құқық қорғаушылардың дерегінше, соңғы бір аптада қаладан кем дегенде 10 мың бейбіт тұрғын бас сауғалап қашқан.

БҰҰ Алеппоның халықаралық гуманитарлық көмек жетпей жатқан және азық-түлік қоры таусылуға шақ тұрған шығыс аудандарындағы бейбіт тұрғындардың тағдырына алаңдайтынын мәлімдеді. БҰҰ бұған дейін қаланың шығыс бөлігіне көмек кіргізуге мүмкіндік беруді бірнеше рет сұрағанымен, оған қол жеткізе алмаған.

XS
SM
MD
LG