Accessibility links

Мәжіліс рақымшылық туралы заңды қарауына алды


Мәжіліс депутаттарының жиыны, Астана (Көрнекі сурет).

Мәжіліс депутаттарының жиыны, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты ұсынылған рақымшылық жасау туралы заң парламент мәжілісінің қарауына түсті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуына қарағанда, рақымшылық ол туралы заң қабылданып, күшіне енгеннен кейінгі алты ай ішінде жүргізіледі.

Рақымшылық туралы заң жобасын 29 қарашада парламентке президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. "Қазақстан Республикасының 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасында негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау ұсынылған.

Басқа категориядағы адамдарға рақымшылық жасаған қылмысының ауырлығына байланысты шектеулі түрде және келтірген шығынын толық өтеген жағдайда ғана жасау қарастырылған. Құжат жобасында аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау қарастырылмаған.

Әбдіровтың журналистерге айтуына қарағанда, коррупция айыбымен сотталғандар келтірген шығынын толық өтеген жағдайда рақымшылыққа іліге алады.

Қазақстанда бұған дейін рақымшылық 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты жарияланған. Ол кезде рақымшылыққа 16 мыңнан астам адам ілінген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG