Accessibility links

ЕО Боқаев пен Аянды босатуға шақырды


Ортада - сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.
Ортада - сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Еуропа Одағы (ЕО) Қазақстан билігін биыл көктемде өткен митингілерге байланысты 5 жылға сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянды босатуға шақырды.

30 қараша күні дипломатиялық өкілі жариялаған ресми мәлімдемесінде ЕО Боқаев пен Аянның сотталуы "Қазақстанның пікір білдіру мен жиын еркіндігі жайлы халықаралық міндеттемелеріне қайшы" екенін айтып, Астананы "сөз бостандығы мен жиын еркіндігін қамтамасыз етуге" үндеген.

Бұған дейін Макс Боқаев пен Талғат Аянды 5 жылға соттаған үкімге АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мен Human Rights Watch халықаралық ұйымы да алаңдайтынын мәлімдеген.

Атырау соты 28 қарашада Макс Боқаев пен Талғат Аянды "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттаған. Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кескен. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс.

Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Белсенділердің адвокаты Жанаргүл Боқаева сот үкіміне шағымданатындарын айтты.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған. Кейін ҰҚК "жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов қаржыландырды" деп мәлімдеген. "Билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Тоқтар Төлешов Атыраудағы қазанның 12-сі күні басталған сот процесінде "Талғат Аянға ақша беріп жібергенін" баяндаған.

XS
SM
MD
LG