Accessibility links

Прокуратура: Араздық тудыру және заңсыз митинг айыбымен сотталғандарға рақымшылық жоқ


Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 2 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель журналистер сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 2 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстанда "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру" және "жалған терроризм" айыптарымен сотталғандар рақымшылыққа іліге алмайды деп мәлімдеді бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы ол бүгін парламент мәжілісінде президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасын таныстырудан соң журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.

Иоган Меркельдің сөзінше, заң жобасында араздық тудырды, заңсыз митинг ұйымдастырды және "терроризм актісі туралы жалған ақпар таратты деген айыппен сотталғандарға рақымшылық жасау қаралмаған. "Бұл айыптар - рақымшылық жасалмайтын айыптарға жатады" деді Меркель. Бірақ әлгідей айыптармен сотталғандарға рақымшылық жасау туралы депутаттар ұсыныс енгізе алады. Ол рақымшылық жасау туралы заң жобасын прокуратура ғана қатыспағанын, тиісті барлық мемлекеттік органдар да араласқанын айтты.

Рақымшылық туралы заң жобасын 29 қарашада парламентке президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. "Қазақстан Республикасының 25 жылдығына байланысты рақымшылық жариялау туралы" заң жобасында негізінен әлеуметтік әлсіз топтар өкілдері, кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, егде кісілер, мүгедектер және жеңіл, аса ауыр емес қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау ұсынылған.

Басқа категориядағы адамдарға рақымшылық жасаған қылмысының ауырлығына байланысты шектеулі түрде және келтірген шығынын толық өтеген жағдайда ғана жасау қарастырылған. Құжат жобасында аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық жариялау қарастырылмаған.

XS
SM
MD
LG