Accessibility links

ЕО дипломаттары: Ресейге қарсы санкция ұзаруы мүмкін


ЕО мен АҚШ тулары (Көрнекі сурет).
ЕО мен АҚШ тулары (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағының (ЕО) дипломаттары ЕО басшылары келесі аптада Брюссельде өтетін саммитте Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды 2017 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартуы әбден мүмкін екенін хабарлады.

ЕО-ның санкцияға қатысты келіссөзіне қатысы бар бірнеше дипломаты Азат Еуропа/Азаттық Радиосына ЕО елдерінің басшылары 15 желтоқсандағы саммитте санкцияны талқыға салмай-ақ ұзартуы мүмкін екенін хабарлады. Дипломаттар мұндай геосаяси маңызды мәселелерді ашық жариялауға құзіреті жоқ болғандықтан аты-жөндерін атамауды қалады.

Дипломаттардың мәліметінше, ЕО министрлері немесе елшілері санкцияны ұзартуды бірнеше күннен соң шартты түрде мақұлдайды.

Бұған дейін салынған санкциялар мерзімі қаңтардың соңында аяқталады.

Брюссельде 6 желтоқсанда Украина мәселесіне қатысты жиында сөйлеген АҚШ-тың ЕО мәселелері бойынша арнайы уәкілі Адам Шуб Вашингтон Ресей Минск келісімінің талаптарын толық орындамайынша санкциялар жеңілдемейтініне сенімді екенін мәлімдеді. "Еуропалық әріптестеріміз де осындай ұстанымда деп ойлаймын" деді Адам Шуб.

ЕО мен АҚШ Мәскеудің 2014 жылы көктемде Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алып, Донбастағы сепаратистерді қолдағанына жауап ретінде сол жылы Ресейдің банк және энергетика секторларына санкциялар салған.

XS
SM
MD
LG