Accessibility links

Бердімұхамедов үшінші кезеңге қайта сайланды


Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркіменстан президенті.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркіменстан президенті.

Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші кезеңге Түркіменстан президенті болып сайланды. Түркіменстан Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 12 ақпанда өткен президент сайлауының қорытындысы бойынша Бердімұхамедов сайлаушылардың 97,69 пайызын жинаған. Ресми мәліметке қарағанда, сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 97 пайызы қатысқан. Бердімұхамедов елді енді жеті жыл басқарады.

Кеше Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшілері Ашғабадтағы бірқатар сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген сайлаушылардың аздығын байқағанын хабарлаған.

Түркіменстан қоғамының барлық саласын бақылайтын Гурбангулы Бердімұхамедов өзге сегіз кандидатты оңай жеңіп кетеді деп күтілген. Ол кандидаттардың сайлауға түсуі елдегі шынайы баламасыз сайлау процесін жасырып-жабу үшін жасалып отыр деп қабылданды. 12 ақпанда Ашғабадта сайлау учаскесінде сөйлеген Бердімұхамедов дауыс беру нәтижесі "елдің алдағы жеті жылдағы тағдырын" шешетінін мәлімдеді.

Азаттықтың Түркімен редакциясы сайлаудан екі күн бұрын - 10 ақпанда мектеп оқушыларына бюллетендерді кандидат Бердімұхамедовті белгілеп толтыру жүктелгенін хабарлаған.

Түркіменстанды 2006 жылдан бері басқаратын Бердімұхамедовке сайлауда алғаш рет бірнеше партиядан тоғыз кандидат қарсы түсіп отыр. Бірақ олардың көпшілігі аса танымал емес аймақтық мемлекет қызметкерлері, депутаттар мен компаниялардың басшылары.

Өткен жылы 59 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылы сайлау баламалы түрде өтетінін мәлімдеген.

Бірақ Түркіменстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері елде бір де парламент я президент сайлауын халықаралық бақылаушылар әділ я еркін өтті деп бағалаған емес. Ресми мәлімет бойынша, Бердімұхамедов 2006 жылғы сайлауда 89 пайыз, 2012 жылғы сайлауда 97 пайыз дауыс жинаған.

XS
SM
MD
LG