Accessibility links

Ресей жоғарғы соты Дадинді босату туралы шешім шығарды


Ильдар Дадин, ресейлік оппозиция белсендісі.
Ильдар Дадин, ресейлік оппозиция белсендісі.

Ресей жоғарғы сотының президиумы оппозициялық белсенді Ильдар Дадинге қарсы қылмыстық істі жауып, оны босатуға шешім шығарды деп хабарлайды Азаттықтың Орыс редакциясы.

Бас прокурордың орынбасары Леонид Коржинек Дадиннің іс-қимылында қылмыс құрамы жоқ деп мәлімдеді.

13 ақпанда Дадиннің қорғаушысы Ресей жоғарғы сотына оны дереу босату туралы өтініш білдірген. Белсендінің өзі қазір Алтай өңірінде түрмеде отыр. Ол мұнда Карелиядағы колониядан этаппен жеткізілген. Дадиннің сөзінше, Карелиядағы түрмеде ол азапқа ұшыраған.

10 ақпанда Ресей конституциялық соты Дадиннің адвокатының шағымын қарап, істі қайта қарау және қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу туралы қаулы қабылдаған.

34 жастағы Ильдар Дадин - көптеген рұқсат етілмеген қарсылық акцияларына қатысқаны үшін сотталған алғашқы тұтқын. Ол 2015 жылы желтоқсанда үш жылға сотталған. Бірақ кейін жаза мерзімі алты айға азайтылған.

Сот Дадин айыпты деп танылған "митингіге рұқсатсыз бірнеше рет қатысу" айыбын толықтырып, жетілдіру керек дегенімен, заңды деп тапқан.

XS
SM
MD
LG