Accessibility links

Мемлекеттік дума әлеуметтік желіні қолдануды шектеуді ұсынды


Виталий Милонов, Ресей мемлекеттік думасының депутаты.
Виталий Милонов, Ресей мемлекеттік думасының депутаты.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов 10 сәуірде дума қарауына "Әлеуметтік желілер қызметін құқықтық реттеу туралы" заң жобасын ұсынды. Жобада 14 жасқа дейінгі балаларға "азаматтығы қандай екеніне қарамастан" әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу қарастырылған.

Милоновтың бастамасы бойынша, қолданушының жасын анықтау үшін әлеуметтік желілерге жеке басын куәландыратын құжат арқылы тіркеу керек. Бұдан өзге, қолданушылар тіркелу кезінде ойдан шығарылған аттарды пайдалана алмайды. Сонымен қатар, заң жобасында әлеуметтік желілерде қолданушының рұқсатынсыз оған қатысты жазбалардың скриншотын таратуға да тыйым салынбақ.

Заң жобасының авторы әлеуметтік желілерді рұқсат етілмеген митингілер мен шерулерді ұйымдастыруға пайдалануға да тыйым салуды ұсынады. Депутат сонымен бірге бюджеттік мекемелерде де әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салмаққа ниетті.

Бүгін бұдан бұрын Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) әлеуметтік желіні пайдалануға қатысты жүргізген сауалнамасының қорытындысын жариялаған. Оның нәтижелері бойынша, сауалнамаға жауап бергендердің 52 пайызы әлеуметтік желілерге жеке басын куәландыратын құжатпен тіркелуге қарсы шыққан. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың 62 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салуды қолдап шыққан.

XS
SM
MD
LG