Accessibility links

Сот Боқаев пен Аянның кассациялық шағымын қараудан бас тартқан


Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян өздеріне қарсы қозғалған іс бойынша сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян өздеріне қарсы қозғалған іс бойынша сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Қазақстан Жоғарғы соты Петропавл қаласында сот жазасын өтеп жатқан атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның шағымдарын қараудан бас тартты. Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша алқасының судьясы Дәулен Нұралин «шағымды кассациялық инстанция сот отырысының қарауына беруге негіз жоқ» деген ұйғарым жасаған. Бұл туралы сот қаулысының көшірмесін жұма күні Макс Боқаевтың туысы Ақмарал Боқаева Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған.

Қорғаушы тарап алғашқы және апелляциялық инстанциялардағы сот үкімін жою, Боқаев пен Аянды қылмыстық айыптар бойынша қудалауды доғаруды талап еткен. Судьяның пікірінше, куәгерлердің жауаптары, сараптамалар қорытындылары және "өзге объективті дәлелдер" негізінде іске қатысты соттың берген тиісті құқықтық бағасы сотталғандардың айыпты екенін көрсетеді. Қаулыға қарағанда, белсенділердің адвокаты мен қорғаушысының өтініштерін судья «жеке дара» қараған. Сот істері базасында бұл іс бойынша құжаттарды қоғамнан жабық ұстап отыр.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 2015 жылғы сәуірде Атырауда жер реформасына қарсы жаппай шерулерден кейін тұтқындалған. Билік қос белсендіге қылмыстық кодекстің «заңсыз митингі ұйымдастыру», «алауыздық қоздыру» және «көпе көрнеу жалған ақпарат тарату» баптары бойынша айып тағып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айырған. Өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған Боқаев пен Аян сот үкімінің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қаңтар айында Атырау облыстық сотының апелляциялық инстанциясы үкімді күшінде қалдырған.

Макс Боқаевтың қарындасы және қорғаушысы Жанаргүл Боқаеваның Азаттыққа айтуынша, қорғаушылар шағымдарын кассациялық алқада қараудан бас тартқан сот қаулысы қаншалықты негізді екенін тексеруді сұрап бас прокуратураға жүгінбек ниетте. Сонымен бірге, Боқаеваның айтуынша, басқадай негіздер бойынша сотқа қайтара өтініш берген жағдайда адвокаттардың шағымын кассациялық алқаның қарауына қабылдауы мүмкін деген әлі де үміт бар.

XS
SM
MD
LG