Accessibility links

"Оралман" фильмі Иранның "Фаджр" фестивалінде жүлде алды


Тегеранда өтіп жатқан халықаралық "Фаджр" кинофестиваліндегі "Оралман" фильмінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.
Тегеранда өтіп жатқан халықаралық "Фаджр" кинофестиваліндегі "Оралман" фильмінің афишасы. Тегеран, 2017 жылдың сәуірі.

Қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтің Азаттықта жарияланған материалдарды оқығаннан кейін түсірген "Оралман" фильмі Иранда халықаралық "Фаджр" кино фестивалінде "Азияның үздік фильмі" жүлдесін алды. "Қазақфильм" компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаеваның Азаттыққа хабарлауынша, картина жүлдені конкурстың "Шығыс панорамасы" бағдарламасы бойынша алды. Бас жүлдеге 12 мемлекеттен 15 қысқа метражды фильм таласты.

"Оралман" фильмінде Ауғанстаннан Қазақстанға келген оралман отбасының тағдыры мен оралманның психологиясы, жергілікті халықтың оралмандарға деген көзқарасы көтерілген.

Фильм режиссері Сәбит Құрманбек былтыр Алматыда фильмді журналистерге жабық көрсеткеннен кейін оралмандар жайлы фильм түсіруге оған Азаттық сайтындағы Ауғанстанда ата-анасы совет билігінен қашқан этникалық қазақ - "Уәли командир" туралы мақала түрткі болғанын айтқан. "Командир Уәлидің" отбасы жарты ғасырдан соң тарихи отанына оралған.

Фильмде бас кейіпкер - Сапарқұлдың рөлін актер Дулыға Ақмолда сомдаған. Фильмде Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова сияқты актерлер ойнаған.

Фильм Тегеранда 24 сәуірде көрсетілген.

"Қазақфильмнің" баспасөз хатшысы фильм әлі бірнеше халықаралық фестивальге қатыстырылған соң ғана прокатқа шығатынын айтады.

"Фаджр" кино фестивалі Тегеранда 21-28 сәуір аралығында өтіп жатыр.

Бұған дейінгі жылдары "Фаджр" фестиваліне қазақстандық режиссерлар Серік Апрымовтың "Соңғы аялдама", Ардақ Әмірқұловтың "Қош бол, Гүлсары" (Арнайы жүлде, 2010 ж.), Дәрежан Өмірбаевтың "Студент", Ақан Сатаевтың "Жаужүрек Мың Бала" (жүлде, 2013 ж.), Әмір Байғазиннің "Асланның сабақтары" (Арнайы жүлде, 2014 ж.), Ермек Тұрсыновтың "Шал" фильмдері қатысқан.

XS
SM
MD
LG