Accessibility links

"Талибан" әйелдерге арналған тыйымын қайта енгізіп жатыр


Тәліптер. Архив суреті.
Тәліптер. Архив суреті.

Кейінгі айларда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның солтүстігіндегі ауыл-аймақтарды басып алып, мыңдаған ауған тәліптерге тәуелді болып қалды. Елде 1996-2001 жылдары билік құрған әскери топ сол кездердегі репрессивті заңдарын қайта енгізіп отыр. Шектеулердің көбі әйелдер мен қыздарға бағытталған.

Әйелдерге көшеге жалғыз шығуға, қыздарға мектепке баруға болмайды. Жалғызбасты әйелдерді содырларға тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді.

1990 жылдарда Ауғанстанның көп бөлігін "Талибан" қозғалысы жаулап алғаннан кейінгі қатал режим кезінде осылай болған еді. Енді бұл тәліптер басып алған аудандарда тұратын ондаған мың әйел үшін қатігез шындыққа айналды. 1 мамырда шетел әскері елден шыға бастағаннан кейін тәліптер бірнеше ауданды басып алған еді.

Ауғанстанның солтүстік-шығысында тұратын, тәліптердің әскери шабуылының ортасында өмір сүріп жатқан адамдар "Талибан" қозғалысы регресс саясаты мен репрессивті заңдарын қайта күшіне енгізгенін айтады.

Ауғанстан тәліптердің қол астында болғанда, олар әйелдерді бастан-аяқ бүркенуге мәжбүрлеп, үйден тыс жерде жұмыс істеуге тыйым салды. Қыздардың білім алуын шектеп, қасында туыс ер адам болмаса, үйден шықпауын талап етті.

Газни уәлаятындағы әйелдер. Ауғанстан, 7 маусым 2021 жыл.
Газни уәлаятындағы әйелдер. Ауғанстан, 7 маусым 2021 жыл.

"Талибан" өзінің өзгергенін, енді қасіретті тыйымдарына оралмайтынын айтқанымен, сол саясаттың көбі қазір тәліптер бақылауға алған аудандарда қайта күшіне енді.

"ӘЙЕЛДЕРДІ ҚАНАУ"

"Азық-түлік алу үшін базарға жалғыз бара алатынмын. Шаштаразға барып, шашымды қидыра алатынмын" дейді Фариаб уәлаятының солтүстік-батысындағы Ширин Тагаб ауданында тұратын 26 жастағы Монира.

Бірақ екі апта бұрын тәліптер оның ауданын басып алған соң, бәрі өзгерген.

"Әйелдерді қанап жатыр. Талибан үйден шықсақ, қасымызда ер адам болуы керек дейді. Біз бүркеніп жүруіміз қажет".

Фариабтың кей аудандарында "Талибан" дүкендерге жалғыз келген әйелдерге тауар сатуға тыйым салды. Тұрғындардың сөзінше, ереже бұзғандарды жария түрде ұрып-соғады. Бұл да тәліптер басқарған кездің ерекшелігі болған еді.

Кей аудандарда боевиктер жаңа ережелерді плакатқа жазып, іліп қойған. Басқа жерлерде дауыс зорайтқыш арқылы айтып, мешіттерде хабарландыру жасаған.

Сара есімді 17 жастағы студент екі апта бұрын "Талибан" Джаузджан уәлаятының солтүстігіндегі Акча ауданын басып алып, оны мектепте қамап қойғанын айтты.

"Бізге немесе білімімізге не болатынын білмейміз" дейді Сара. Оның отбасы уәлаяттың үкімет бақылауындағы орталығы Шеберғанға қашқан.

"Осыған дейін оқығанымызды, күш-жігерімізді жаншыды. "Талибаннан" қорыққандықтан, енді Акчыға бара алмаймыз. Олар қыздар мектепте оқымауы керек дейді" деп айтты ол.

Көшеде отырған ауған әйелі.
Көшеде отырған ауған әйелі.

Тәліптердің бақылауындағы басқа аудандарда қыздарға тек төртінші сыныпқа дейін білім алуға рұқсат берген.

Бадахшан уәлаятындағы адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссияның бөлім басшысы Арефа Навид тәліптер әйелдерге үйден тыс жерде жұмыс істемеуін ескерткенін айтты.

"Талибан Бадахшандағы жұмыс істейтін әйелдердің бәріне ешқандай жағдайда кеңсеге бара алмайтынын айтты" дейді Навид.

Парламенттің Тахар уәлаятынан шыққан өкілі Хабиба Данеш тәліптердің жалғызбасты немесе жесір әйелдерді өз әскерлеріне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеп жатқанын айтады. Исламистердің бақылауындағы басқа да аудандардан осындай расталмаған хабарламалар келіп жатыр.

"АДАМДАР АЛАҢДАП ОТЫР"

Балх уәлаятының солтүстігіндегі Балх ауданында тұратын ерлердің бірі Талибан оларға мұрты мен сақалын алуға тыйым салғанын айтты.

Оның сөзінше, тәліптер жаңа ережені орындамаған шаштараздарды жазаға тартады. Тіпті, олар күніне бес рет намаз оқуға да мәжбүрлеп жатыр. Ол Талибанның жазасынан сескеніп, аты-жөнін атамауды сұрады.

Кей аудандарда Талибан музыка тыңдап, теледидар көруге тыйым салған. 25 жыл бұрын тәліптердің билігі кезінде де солай болған еді.

"Талибан көп шектеулер қойды. Адамдар алаңдап отыр" дейді ол.

Ауған әйелдері "бейбітшілік" сөзі жазылған графити жанынан өтіп барады. Герат, 3 мамыр 2021 жыл.
Ауған әйелдері "бейбітшілік" сөзі жазылған графити жанынан өтіп барады. Герат, 3 мамыр 2021 жыл.

Тағы бір тұрғын тәліптер аудандағы кедейлікке қарамастан, күніне үш рет жауынгерлерді тамақтандыруды бұйырғанын айтады.

"Адамдарды тамақ жасауға, ұйықтайтын орын беруге мәжбүрлейді" дейді ол.

Human Rights Watch ұйымы Талибан боевиктері Ауғанстан үкіметін қолдайтындарды мәжбүрлеп көшіріп, үйлерін өртеп жатыр деп айыптады.

"Талибанның үкіметті қолдайтын азаматтарды жазалауы әлі талай айуандық болатынын ескертетіндей" дейді Human Rights Watch ұйымының Азиядағы директор орынбасары Патрисия Госсман.

"ТАЛИБАН" БҰҒАН НЕ ДЕЙДІ?

"Талибан" жергілікті азаматтарға қысым көрсетіп, қатал саясат ұстанады деген айыптауларды жоққа шығарды.

"Қазір нағыз соғыс жағдайында бәрі [ауған үкіметінің билігі кезіндегідей] қалады. Бірақ заң қабылданған бетте халық соған сай әрекет етуге мәжбүр болады" дейді "Талибан" өкілі Забиулла Мажухид Азаттыққа.

"Талибан" қазір 1990 жылдары Ауғанстанды билеген кездегідей қатал топ емесін айтады. Ол кездері тәліптер режимі әйелдерді, этникалық және діни топтарды шеттететінімен танылған еді.

Джаузджандағы кей әйелдер тәліптерге қарсы соғысуға бел буған. 25 маусым 2021 жыл.
Джаузджандағы кей әйелдер тәліптерге қарсы соғысуға бел буған. 25 маусым 2021 жыл.

Кейінгі жылдары Талибан әйелдер ислам немесе ауған құндылықтарына қарсы шықпаса, олардың құқығына қол сұқпай, мектепке немесе жұмысқа баруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ олар әйелдердің еркіндігін "адамгершілікке жатпайтын ерсі қылық" деп атап, оны шектегісі келетінін де айтты.

Талибанның асыра консерватив ислам мен пуштун ұлтының заңдарын ұстануы кей адамдардың қолдауын тапты. Мұны пуштундар көп тұратын аудандардан байқауға болады. Қазір Ауғанстанның пуштундар көп тұратын оңтүстігі мен шығысындағы халық соғыстың бар ауыртпалығын көріп келеді. Кейінгі 20 жылда олардың жағдайы да еш өзгермеген.

Ал Ауғанстанның солтүстігі мен ірі қалалары Талибан биліктен шеттетілгеннен кейінгі 19 жылда әлеуметтік, экономикалық және демократиялық жетістіктерге жетті. Осы ауданда тұратындар үшін бұл идеялар әлі де жат.

Ауылды жерлерде Талибанның экстремистік саясатты қатаң жандандыруы қаладағы әйелдерді шошытты.

"Әйелдер өткен күндердің түнегіне қайтып бара ма деп алаңдаймын. Ол кездері біз тек үй шаруасындағы әйел болдық, қоғам өміріне, мәдениетке, саясатқа, тіпті, спортқа араласа алмадық. Талибан қалаларды басып алса, әйелдерге не болады?" дейді Фариаб уәлаятының орталығы Майманадағы белсенді Санам Садат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG