Accessibility links

"Уәде беруден жалықпайтын" Тоқаев, Ресейге "айбат шеккен" Түркия және Қазақстандағы энергия тапшылығы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель. Брюссель, 26 қараша 2021 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель. Брюссель, 26 қараша 2021 жыл.

Қазақстан президенті Брюссельге неге барды? Түркі мемлекеттерінің ұйымы Орталық Азияға не береді? Криптомайнинг фермалары Қазақстан энергетика жүйесінің осалдығын әшкереледі ме? Шетел басылымдарының көзіне түскен кей тақырыптар – осылар.

«БОС СӨЗ» ЖӘНЕ ЕУРООДАҚТЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ «ТЕТІК»

25-26 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапармен барды. Осы оқиға қарсаңында EU Observer басылымы бұл елдегі адам құқықтарының ахуалы жайлы мақала жариялап, Еуроодақ басшыларына қайырылды.

Авторлар - Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының сарапшылары Филипп Дэм мен Мира Ритман Тоқаевты «адам құқықтары мен саяси реформалар бойынша уәде беруден жалықпайтын» адам деп сипаттап, Нұр-Сұлтанға ықпал ететін «мүмкіндігі мен құралдары бар» Еуроодақ басшыларын тек қауіпсіздік пен Ауғанстан мәселесіне ғана назар аудармай, Қазақстандағы адам құқықтарының жайына да ерекше тоқталып, Тоқаевтан «нақты жауап» алуды сұрайды.

Авторлардың айтуынша, Тоқаев пен оның айналасындағылар «ықтимал сыни пікірдің алдын алудың бір жолы – Батыс дипломаттарымен жоғары деңгейдегі кездесуде ол туралы (Қазақстандағы адам құқықтары мен саяси реформалар – Ред.) «әңгіме құру» екенін біледі», «Брюссельге сапары барысында ол әдісті қолданарына күмән аз, бірақ Еуроодақ өкілдері қарсы әрекет етуі керек».

Еуроодақ Орталық Азиядағы «экономикасы ең күшті ел» - Қазақстанмен қарым-қатынасты жақсартуға көп көңіл бөліп келеді. 2020 жылғы наурызда күшіне енген Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімінің аясына қарым-қатынасты тереңдетумен қоса адам құқықтарын қорғау мәселесі де кіреді деп ескертеді сарапшылар.

«Алайда Еуропа парламенті Қазақстандағы адам құқықтары жайлы жиі ескертіп келеді, ең соңғы ескерту ақпан айында жасалды» деген авторлар Еуроодақтың Қазақстанға қатысты қабылдаған қарарын еске салады.

Қазақстан үкіметінің демократия мен адам құқықтары саласындағы уәделері құр сөз күйінде қалып келеді дейді авторлар.

«Қазақстан авторитар және демократиядан тым алыс мемлекет болып отыр, онда адамдардың негізгі құқықтары жиі бұзылады» деп жазады EU Observer.

Авторлардың айтуынша, бұл елде сенуге тұрарлық халықаралық бақылаушылар еркін де әділ деп бағалаған сайлау «ешқашан өтпеген».

«Қазақстан билігі үкіметті сынайтын кез келген топқа, қозғалыс пен партияға асқан бір жеккөрінішпен қарайды, саяси оппозициялық топтардың жақтастарын сотқа сүйреп, түрмеге қамау үшін оларға «экстремизммен айналысты» деп кемсітетін айып тағады» деп жазады Филипп Дэм мен Мира Ритман.

Олардың айтуынша, «экстремистік ұйым» деп танылып, 2018 жылдан бері жұмысына тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) мен 2020 жылы шектеуге ұшыраған «Көше партиясы» қозғалыстарына қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдардың ешқайсысынан «зомбылықты экстремизмді насихаттады не сонымен айналысты» деген айғақ табылмаған.

Бұған қоса, Қазақстан басшылығы «өкіметті сынайтындардың үнін өшіру не оларды бақылауға алу үшін медиа мен сөз бостандығына да осылай қысым жасайды».

Авторлардың айтуынша, елде бейбіт жиын өткізуге де мүмкіндік жоқ: «Қазақстандағы наразылықтар әдетте күштеп таратылады, ал оған қатысқандарды ұстап, айыппұл салады».

«Тоқаевпен кездесуде Еуроодақ үшін қауіпсіздік және Ауғанстан мәселелері басты орында тұратын сияқты. Дегенмен Еуропа одағы басшылары елдегі адам құқықтарының нашар ахуалына алаңдаушылық білдіргенде де қатаңдық танытуы керек. Аймақтағы қауіпсіздік пен ел ішіндегі адам құқықтары мәселелері – бір-біріне кереғар тақырыптар емес. Адам құқықтары мәселелерін кілем астына жасыру – [билікті] асыра пайдалануға, қауіпсіздіктің әлсіреуіне және тұрақсыздыққа ғана алып барады» делінген мақалада.

Авторлардың айтуынша, Еуроодақ басшылары «құр сөз бен орындалмайтын уәде Еуропа одағын иландырмайтынын жұрт алдында ескертуі тиіс» дейді.

«РЕСЕЙГЕ АЙБАТ ШЕККЕН ТҮРКИЯ»

«Түркия Ресейге айбат шегіп, Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы Орталық Азияға құлаш сермеді». Үндістанда шығатын Siasat Daily өткен аптада Стамбұлда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының жиынын сараптаған мақаласына осындай тақырып қойған.

Құрамына Түркиямен қоса, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан, ал бақылаушы ел ретінде Түркіменстан мен Венгрия кіретін бұл ұйым «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп атын ауыстырып, жаңа стратегиясын қабылдаған.

«Совет қысымынан босаған Орталық Азия мемлекеттері ондаған жыл ұлт құру ісіне ерекше мән беріп келеді. Тамырын іздеумен қоса, тарихи мұраның да маңызы артып келеді. Сондықтан түркітілдес халықтарды біріктіру идеясы ерекше тартымды, ал экономикалық тұрғыдан тиімді болды» деп жазады автор.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше ел басшылары. Стамбул, 12 қараша, 2021 жыл.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше ел басшылары. Стамбул, 12 қараша, 2021 жыл.

Оның үстіне Түркия Орталық Азия елдеріне үлгі болып, оларды жігерлендіріп қана қоймай, ірі инвесторға айналды.

Автордың айтуынша, «мұсылман әлемінде лидер болу ойы онша іске аспаған» Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған үшін пантүркизм идеясы «анағұрлым өміршең, тұрақты әрі пайдалы» көрінеді.

Былтыр күздегі Таулы Қарабақ үшін Армениямен болған соғыста Түркияның Әзербайжанға қолдау білдіруі «түркі әлемінің бірлігін нығайта түскен». Мұны Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев айтқан.

«Бұрын Армения бақылауында болған жерді Әзербайжан қайтарып алғаннан соң бұл дүниежүзілік мұхитқа жолы жоқ Орталық Азия елдеріне Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына балама, мұхитқа шығар балама ұсынды. Ресей мен Иран жіті көз салып отыр» деп жазады Siasat.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНА КҮМӘНДІ ҰЛҒАЙТҚАН КРИПТОМАЙНИНГ

Азаттық көтеріп жүрген криптовалюта майнингі және Қазақстандағы энергетика тапшылығы мәселесіне шетел ақпарат құралдары да назар аударды. Бизнес тақырыбына жазатын Fortune журналының тұжырымы бойынша, Қытайда криптовалюта өндіруге тыйым салынған соң Қазақстанға үдере көшкен майнерлер енді басқа елдерге бет түзеп жатыр.

Журналдың жазуынша, Қазақстан 2019 жылдан бері криптовалюта майнингі операцияларын қолдауға жүздеген миллион доллар инвестиция салған. Себебі «майнинг үшін өте маңызды жерасты отынының қоры өте көп әрі құны арзан болғандықтан, соны саланы еліктіре тартып, мемлекетке табыс келтірудің жаңа көзін ашамыз деп ойлады». Мәселен, қазан айындағы есебінде үкімет алдағы бес жылда криптомайнинг фермалары 1,5 миллиард доллар табыс түсіреді деп болжаған.

Заңды, заңсыз майнинг фермаларының кесірінен елде электр энергиясы тапшы болып, әсіресе оңтүстік аймақтарда жарық сөніп қала беретін болды. Үкімет бұған ең алдымен жасырын жұмыс істеп жатқан «заңсыз майнерлер» кінәлі деп мәлімдеді.

Екібастұздағы майнинг фермасы.
Екібастұздағы майнинг фермасы.

Ал Financial Times осы оқиғалардан соң Қазақстандағы энергетика инфрақұрылымының болашағына күмән көбейгенін жазды.

Глазго университетінің Еуразия жөніндегі профессоры Лука Анческидің британ басылымына айтуынша, үкіметтің бар кінәні «заңсыз майнерлерге» артуы – техникалық қызмет көрсетудің нашарлығы және [энерго]жүйенің электр энергиясын көмірге бай солтүстіктен оңтүстікке жеткізу мүмкіндігінің жоқтығы сияқты үлкен құрылымдық мәселелерді жасыруға тырысуына ұқсайды».

«Әрине, Ресейден электр энериясын тасымалдау қысқамерзімдік мәселені шешуі мүмкін, бірақ мұнда Қазақстан қандай энергетика саясатын жүргізеді деген үлкен мәселе тұрған сияқты» дейді Анчески.

Оның айтуынша, үкімет биткойн өндіру тиімді екенін түсінгенімен, «қазіргі және болашақтағы сұранысты қанағаттандыратын өндіріс көлемін қалыптастыруға ұмтылмады».

«Бұл – Азиядағы энергоресурстарға ең бай елдердің бірі. Қағаз жүзінде бұлай болмауы тиіс еді» дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG