Accessibility links

Инерцияны сәтті пайдалану және Назарбаев факторы. Тоқаев не үшін ерте сайлау өткізгісі келеді?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев билікте қалдырып кеткен және оның тұсында елдегі ең қанды оқиға болған Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілетін ұзартқысы келеді. 

Тоқаев биыл күзде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтетінін және оған өзі де қатысатынын мәлімдеді. Бұл саяси шара елдегі экономикалық проблемалармен және Украинаға басқыншылық жасаған Ресеймен байланысы ушығып тұрған кезеңмен тұспа-тұс келмек.

Осы проблемаларға қарамастан Тоқаев пен оның командасы кеш болмай тұрғанда халық сеніміне ие болғысы келеді дейді сарапшылар.

Мерзімінен бұрын сайлау өткізу шешімін түсіндірген Тоқаев жаңа мандат «әділетті Қазақстан» құруға қажет реформаларды жүзеге асыру үшін керек екенін айтты. Ол бұл сөзді Парламентте де бірнеше рет айтқан еді.

«КҮТПЕГЕН ЖАҢАЛЫҚ ЕМЕС»

Бір сағаттан астам уақытқа созылған жолдауда популистік ұсыныстар айтылды. Оның ішінде жемқорлыққа қарсы шаралар нәтижесінде қайтарылған ақшаны мектеп салуға жұмсап, даңғаза байлыққа салық салу жөнінде сөз болды.

Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізіп, президенттікті жеті жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Маусымда ғана елде референдум өтіп, негізгі заңға өзгеріс енгізілген еді.

Бұл ереженің алдағы сайлаудан кейінгі мерзімге қатысы бар-жоғы белгісіз. Бұған дейін ол Конституция бойынша екі мерзімнен артық сайлауға түспейтінін бірнеше рет айтқан еді.

«Жалпы, биыл мерзімінен бұрын президенттік, келесі жылы парламенттік сайлау өткізу күтпеген жаңалық болған жоқ» дейді Vlast.kz тәуелсіз сайттың негізін қалаған Вячеслав Абрамов. Ол уақыттың тығыз болуы Тоқаевтың билігіне кедергі келтіруге шектеу жасайды дейді.

«Тоқаев пен оның командасы Қаңтардағы қанды қақтығыстардан соң қолда бар инерцияны қолданып қалғысы келеді. 230-дан астам қаза тапқан оқиға кезінде Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастарынан басым түскен еді» деді Абрамов. «Адамдардың көбі сол кезде оның дұрыс қадам жасағанын айтады».

Арнайы жасақ Қаңтар дүрбелеңінде өртенген қала әкімдігі ғимаратының маңын күзетіп тұр. Алматы, 12 қаңтар, 2022 жыл.
Арнайы жасақ Қаңтар дүрбелеңінде өртенген қала әкімдігі ғимаратының маңын күзетіп тұр. Алматы, 12 қаңтар, 2022 жыл.

Ол Тоқаевтың командасы сайлауды өзінің бағдарламасындағы «сенім референдумы» ретінде таныстыратын болар дейді.

РЕСЕЙДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРУ

Тоқаевтың президенттігі осы уақытқа дейін мазмұнды болмады деуге келмейді.

2019 жылғы маусымдағы сайлаудан соң Қазақстанның екі ірі қаласында наразылық болып, полиция оны басып-жаншыды.

Наразылар негізінен Тоқаевқа емес, Назарбаевқа қарсы болды. Ол сенімді ізбасары санаған адамға "билік тізгінін беріп", өзі де, туыстары да маңызды позицияларды сақтап қалған еді.

Тоқаев билікке келе сала Назарбаевтың құрметіне Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Бірақ Тоқаев президент болған алғашқы жылдары екеуінің арасында текетірес болып жүргені айтыла бастады. Бұл кезең коронавирус пандемиясы мен елдің оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығыстармен тұспа-тұс келді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып жатыр. 23 сәуір, 2019 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып жатыр. 23 сәуір, 2019 жыл.

Одан кейін жағдай тіптен нашарлады.

Қаңтар оқиғасы туралы екіұдай пікір айтылғанымен, оның неден шыққаны бәріне белгілі.

Жылдың басында елдің батысында сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы наразылықтар болды. Үкімет оны тоқтатуға тырысып жатқанда, басқа өңір тұрғындары да оларды қолдап көшеге шыға бастады.

Кейін наразылар саяси талаптар айтып, Назарбаев пен оның туыстарына қарсы шықты.

5 қаңтарда наразылықтар жаппай сипат ала бастады. Бір топ адам Алматы мен басқа ірі қалаларда әкімдік ғимаратына басып кіріп, өрт қойды. Бұл биікпен қарулы қақтығысқа, тонау оқиғаларына ұласты.

Тоқаевтың позициясы тұрақсыз болды. Бірақ оның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер сұрауы шешуші мәселе болды.

Қаңтардың ортасында екі мыңнан астам адамнан тұратын Ресей отряды елден кеткен соң, интервенция өз мақсатына жетті.

Оқиға кезінде билік үшін күрес болғаны айқын байқалды. Нәтижесінде Тоқаев басым түсіп, Назарбаевтың билігі әлсірей бастады.

ТЕКЕТІРЕС

Қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені үшін және ұсталғандарды азаптау оқиғаларынан соң Тоқаев сынға қалды. Ол «Жаңа Қазақстан» құратынын айтып, бұрынғы президентті сынап шықты.

Мәскеудің көмегінің өтемі оған бағыну бола ма деп алаңдағандар да болды. Бірақ олай болған жоқ.

Керісінше, Қазақстан Украинаға басқыншылық жасаған Ресейден алыстай бастады. Қазақстанмен сегіз мың километр ортақ шекарасы бар Ресей халықаралық санкцияларға тап болды.

Қазақстанның бейтарап ұстанымы Ресей саясаткерлері мен сарапшылардың шамына тиді. Олардың кейбірі Қазақстанның егемендігіне ашық күмән келтіріп, елдің солтүстігіндегі ұлты орыс азаматтар туралы жиі сөз қозғай бастады.

Маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен бір сахнада отырып, сепаратистік құрылымдарды қолдамайтынын айтып, оларды «квазимемлекет» деп атады. Бұл екі елдің байланысына тағы бір сызат түсіргендей болды.

Ресей басшысы Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономика форумының пленарлық сессиясына қатысуға келе жатыр. 17 маусым 2022 жыл.
Ресей басшысы Владимир Путин және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономика форумының пленарлық сессиясына қатысуға келе жатыр. 17 маусым 2022 жыл.

Осылайша Тоқаев «Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының көмегі үшін Ресейге қарыздар» деген әңгімеге нүкте қойғандай болды.

Мерзімінен бұрын сайлау өткізуге Мәскеу мен Тоқаевтың билікті нығайту қажеттілігі итермеледі деуге болады дейді «Abishev Analytics» телеграм арнасының жетекшісі Ғазиз Әбішев.

«Тоқаев 2024 жылы президенттік мерзімі аяқталған соң сайлауға түссе, оның сайлауалды науқаны Ресейдегі президент сайлауымен тұспа-түс келетін еді. Украинаға басқыншылықтан соң көршіміздің қаншалық алысқа баратынын болжау қиын» дейді ол.

Ескеретін тағы бар фактор – Назарбаев.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Тоқаевтың бағдарламасын жария түрде қолдап, туыстарын тығырыққа тіреген жоқ. Оның екеуі қазір жемқорлық жасағаны үшін түрмеге қамалауы мүмкін.

Ол тіпті Тоқаев айтқан референдумды да қолдап шықты. Онда Конституциядан «Елбасы» статусын алып тастаған еді.

Бірақ Назарбаевтың отбасы әлі де экономиканың көп бөлігін бақылайды.

Биыл Назарбаев халық алдына Мәскеуде Путинмен бірге Ресей күнін мерекелеу кезінде шыққан еді. Бұл Тоқаев пен Путиннің Санкт-Петербургтегі кездесуінен бірнеше апта бұрын болды.

Қазіргі таңда Назарбаевтың төңірегіндегілердің қайта төңкеріс жасауы екіталай. Дегенмен, «Тоқаев тәжірибелі саясаткер ретінде қауіпті толықтай жоққа шығара алмайды» деді Әбішев Азаттыққа.

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ПРОБЛЕМАЛАР

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай бәсекелі сайлау ешқашан болған емес. Асығыс сайлаудың бұл модельді өзгерте қоюы екіталай.

Жолдау күні Әміржан Қосанов фейсбукте сайлауға қатысуға дайын екенін айтып, күлкіге қалды. Ол 2019 жылы Тоқаевтың негізгі қарсыласы болған еді.

Қосанов оппозиция атынан сайлауға түскенімен, Тоқаевты сынаудан аулақ болды. Үгіт-насихатты да аса құлшына жүргізген жоқ.

Тоқаев жеңімпаз болып жарияланғанда, тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелерінде ереже бұзылғанын анықтағанына қарамастан, Қосанов сайлау нәтижесін даулаған жоқ.

Нағыз саяси бәсеке жоқта экономикалық жағдай Тоқаевтың жағдайын қиындатуы мүмкін деді PRISM саяси қатерлер компаниясының негізін қалаған Кейт Маллинсон.

Биліктің дерегінше, биыл маусымда инфляция 14,5 пайыз, негізгі тауарлар үшін 19,2 пайыз болды.

Нан бағасы 24 пайыз өсті, бірақ ресми емес дерек бойынша екі есе қымбаттаған деді Маллинсон.

Назарбаевтың туыстарын алып тастап, жемқорлықты азайту бастамаларынан кейін Тоқаевты қолдайтындар бар болғанымен, алдағы қыс көп отбасы үшін қиын болғалы тұр дейді ол.

«Мерзімінен бұрын сайлау Тоқаевқа осы қиындықтарға дейін мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді» дейді ол.

(Мақала авторы - Крис Риклтон).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG