Accessibility links

Апелляция алқасы Қаңтар оқиғасынан кейін 17 жылға сотталған Құдайбергеновтің жазасын бірнеше айға қысқартты


Қазыбек Құдайбергенов.
Қазыбек Құдайбергенов.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 6 ақпанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық ұлан қызметкері Мәдияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп танылған жергілікті тұрғын Қазыбек Құдайбергеновтің апеллциялық шағымын қарап, түрмеде қалдырды. Құдайбергеновтің адвокаттары оны толық ақтап, босатуды сұраған.

Сот алқасына төрағалық етуші судья сот қаулысын түсіндіргенде "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабы бойынша белгіленген үш жыл рақымшылық заңы бойынша тоғыз айға қысқарғанын, ал "әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық" бабы бойынша 16 жылға қамау тағайындалғанын айтты.

Сот отырысына қатысушылар сот залынан шығып бара жатқан судьялар Мұхтар Еркінбеков, Артур Наримов және Бақытжан Қалымбеттерге наразылық білдіріп, "не үшін" деп айқайлады. Сотталушы Құдайбергеновтің әйелі Іңкәрім Сұлтановаға сот шешімінен кейін дәрігер шақыртылды.

Бұған дейінгі сот талқысында Қазыбек Құдайбергенов кінәлі емес екенін қайталаған. Оның сөзінше, кінәсіздігін сотқа куәгер ретінде қатысқан жүк көлігі жүргізушісінің "Құдайбергеновті көрген жоқпын" деген сөзі де растайды.

6 ақпанда прокурор Құдайбергеновтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұраған, бірақ "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабы бойынша рақымшылық заңын қолдануға қарсы еместігін айтқан. Осыдан кейін сот шешім қабылдау үшін кеңес бөлмесіне кеткен. Бірнеше сағаттан соң айыптау үкімін оқыған.

Сот шешімімен келіспеген Құдайбергеновтің адвокаттары кассациялық шағым түсіретінін айтты. Азаттық тілшісі дүйсенбі күні кешке Құдайбергеновтің әйелі әрі оның қоғамдық қорғаушысы болған Іңкәрім Сұлтановамен сөйлесті. Ол да сот шешімімен келіспейтінін, Қазақстан Жоғарғы сотына шағым түсіретінін айтты. Сұлтанованың сөзінше, алғашқы инстанциядағы сот кезінде де, апелляциялық сот кезінде де адвокаттар қылмыстық істегі қиыспайтын сәттерді көрсеткенімен сот оны ескермеген.

- Мысалы, КамАЗ-дан 16 адамның саусақ таңбасы табылды, бірақ оның ішінде күйеуімнің саусақ таңбасы жоқ, сот оны да ескермеді", — деді ол.

Мұнай саласында жұмыс істейтін Қазыбек Құдайбергенов 2022 жылдың 9 қаңтарында қамауға алынған. Мамыр айында сот басталып, алты айға созылған. Туыстарының сөзінше, сот адвокаттардың уәжіне құлақ аспаған. 29 қарашада қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Құдайбергеновті 17 жылға бостандығынан айырған.

Таяуда Ақтөбе соты да ұзақ процестен кейін жергілікті тұрғын Нұрсұлтан Исаевты 2022 жылдың 5 қаңтарында "полицейге қастандық жасады" деген айыппен 15 жылға соттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG