Accessibility links

Қаңтар бойынша сауалнама: Халықтың басым бөлігі ескертусіз оқ атуды және азаптауды құптамайды


Алматы алаңындағы автомат кезенген солдаттар. 6 қаңтар, 2022 жыл
Алматы алаңындағы автомат кезенген солдаттар. 6 қаңтар, 2022 жыл

Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы "Қазақстандықтардың Қаңтар оқиғасына көзқарасы" деген тақырыпта жүргізген сауалнама нәтижесін жариялады. Оған сенсек, қазақстандықтардың жартысынан астамы ресми ақпаратқа сенбейді және оқиғаның қайғылы аяқталуына жоғары билік пен құқық қорғау органдары кінәлі дейді. Demoscope зерттеуіне қарағанда, Қазақстан қоғамының басым бөлігі ескертусіз оқ ату бұйрығын да, ұсталғандарды азаптау әрекетін де қолдамайды.

Сауалнама нәтижесіне қарағанда, азаматтардың 71,1 пайызы Тоқаевтың "наразы жұртқа ескертусіз оқ ату бұйрығын қолдамайды". Ал 11,3 пайызы, керісінше, бұл шешімді құптаса, 11,1 пайызы "жауап беруге қиналған", ал 6,5 пайызы "бұл туралы мүлде білмеймін" деп жауап берген.

Бұдан бұрын Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстанның күш органдары 2022 жылғы 4-6 қаңтар аралығында кемінде төрт рет шектен тыс күш қолданғанын, соның ішінде тікелей қауіп төндірмеген наразыларға оқ атқанын мәлімдеген. Құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, күш органдары осындай жолмен 10 адамды өлтірген. Бұл – соңғы дерек емес, себебі мұндай оқиғалар бұдан әлдеқайда көп болған болуы мүмкін.

Demoscope зерттеуінде Қаңтар оқиғасына байланысты азапталғандар туралы да айтылады.

"Қазақстандықтардың 71,6 пайызы азаптау әдісі қолданылғанына наразы. Сұралғандардың 7,1 пайызы азаптау әдісі орынды қолданылған дейді. 12,5 пайызы "сұраққа жауап бере алмаймын" десе, 8,8 пайызы бұл туралы ештеңе білмейтін болып шықты" деп жазылған есепте.

Зерттеу авторларының ойынша, қоғамдық пікірдің маңызды көрсеткіші – Қаңтар оқиғасы жайлы ресми орындар таратып жатқан ақпаратқа деген халықтың сенім деңгейі.

"Жалпы алғанда, қазақстандықтардың жартысынан көбі (53 пайыз) биліктің хабарламасына сенбейді. Соның ішінде 30,8 пайызы мүлде сенбесе, 22,2 пайызы көбіне сенбейді. Ал азаматтардың үштен біріне жуығы (29,6 пайыз) керісінше ресми ақпарат көзіне сенетін болып шықты. Соның ішінде 13,7 пайызы билікке толық сенетін болса, 15,9 пайызы "ішінара сенеміз" деп жауап берген".

Сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (37,9 пайызы) Қаңтар оқиғасы "кейбір саяси күштер елдегі билікті басып алу үшін ұйымдастырған арандатуы"екеніне сенімді. 27,7 пайызы бұл – "кей жерде тәртіпсіздік пен тонауға алып келген бейбіт наразылық" деп санайды. 14,6 пайызы елге "жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан террористер шабуыл жасады"деп есептейді. Сұралғандардың 3,8 пайызы оқиғаға "басқа бір жайт себеп болған" дейді. 15,9 пайызы бұл сұраққа "жауап беруге қиналған".

Көп қаладағы жағдайды реттеу үшін жергілікті билік халықты күшпен тарату тактикасын қолданды, ал бұл наразылардың қарсылығын күшейтті деп жазады зерттеу авторлары. Сауалнамаға қатысқандардың 42,2 пайызы наразылықты күшпен басу "дұрыс болды"деп санайды. Есесіне, респонденттердің 36,8 пайызы митингіні күшпен таратуды құптамайды.

Сауалнамаға қатысқандар әсіресе президенттің Қаңтар кезінде елге Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскерін кіргізу шешіміне қарсы болған. Жауап бергендердің 43,6 пайызы ҰҚШҰ контингентін енгізуді қолдамаса, 36,8 пайызы бұл шешімді дұрыс көрген.

Кей қалада әкімдер қақтығысты реттеу мақсатында келіссөз жүргізу үшін наразылық білдірген жұрттың арасына барған. Респонденттердің көпшілігі (64,8 пайыз) бұл тәсілді қолдаған.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен үштен бірі (28,4 пайызы) Қаңтардағы наразылықтың қайғылы аяқталуына "елдің жоғарғы басшылығы (президент және оның әкімшілігі) көбірек жауапты"деп санайды. Респонденттердің 21,3 пайызы қайғылы жағдайға азаматтардың өздері кінәлі десе, 11,3 пайызы – құқық қорғау органдарына, 5,2 пайызы жергілікті әкімдерге кінә артады.

Сауалнама 2022 жылдың 29 желтоқсанынан 2023 жылдың 14 қаңтарына дейін PaperLab зерттеу орталығымен бірлесе отырып жүргізілген. Оған Қазақстанның 17 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкентте 18 жастан асқан 1047 адам қатысқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан басшылығын Қаңтар оқиғаларын халықаралық сарапшылар көмегімен тергеуге шақырып келеді. Ресми Астана мұны құптамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG