Accessibility links

"Журналистерді қорғау комитеті" Астананы тәуелсіз журналистерге шабуыл ұйымдастырғандарды ұстауға үндеді


Журналист Данияр Молдабековті белгісіз біреу бетінен ұрып кеткеннен кейін шақырылған жедел жәрдем қызметінің өкілі оның жағдайын тексеріп жатыр. Алматы, 22 ақпан, 2023 жыл.
Журналист Данияр Молдабековті белгісіз біреу бетінен ұрып кеткеннен кейін шақырылған жедел жәрдем қызметінің өкілі оның жағдайын тексеріп жатыр. Алматы, 22 ақпан, 2023 жыл.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін "журналистерге шабуылдың жаңа толқынын" зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндеді.

Бейсенбі, 23 ақпанда жарияланған ұйым мәлімдемесінде Қазақстанда билікті сынайтын тәуелсіз журналистерге бағытталған шабуылдар былтыр күзден бері толастамай отыр деп жазылған. Жергілікті сөз еркіндігін қорғау ұйымдарына сүйенген CPJ мәліметінше, 5 ақпаннан бері сондай кемінде төрт оқиға тіркелген. Түрлі қалаларда журналистердің өзі немесе отбасы мүшелері қуғынға немесе шабуылға ұшыраған.

Ұйым осы аптада Қазақстан ІІМ есеп бергенін еске салады. Министрліктің мәліметінше, 2022 жылғы қыркүйектен бері Астана мен Алматыда "журналистерге қарсы қылмыс жасаған" 18 күдікті ұсталған. Ведомство таратқан хабарламада "тапсырыс берушілер" туралы айтылмайды.

23 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев журналистерге шабуыл бойынша фактілердің түгелге жуығына қатысты күдіктілер анықталып, ұсталды деді. Вице-министр шабуылдар "әлдебіреудің тапсырысымен жүзеге асты деуге әзірше ерте" деді.

"Қазақстанда баспасөз өкілдеріне шабуыл жасады деп күдікке ілінген 18 адамның қамалуы, әрине, үміт береді, алайда шабуылдар әлі жалғасып жатқаны тапсырыс берушілер мен қудалауды ұйымдастырушыларды дереу ұстап, сотқа тартуды талап ету қажеттігін көрсетеді. Қазақстан билігі жуырда баспасөзге жасалған барлық қылмыстарды жан-жақты тергей алмаса, оның беделіне нұқсан келеді" деді CPJ басшысы Карлос Мартинес де ла Серна.

Шабуылға ұшыраған журналистер бұл оқиғалар кәсіби қызметімізге байланысты деп есептейді.

  • 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзін медициналық маска таққан біреу Алматыдағы үйінің подъезінде ұрып кеткенін хабарлады. "5 Қаңтар" телеграм-арнасының авторы, Қазақстандағы наразылықтар туралы жазатын Молдабеков шабуылды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады.
  • 20 ақпанға қараған түні Алматыда журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкомен жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп кетті. Егоров заңсыз әрекеттің кәсіби қызметіме қатысы бар деп отыр. Оның алдында Вадим Борейко белгісіз біреулер пәтер есігінің сыртқы жағына құрылысқа арналған көбік жағып кеткенін хабарлаған.
  • 8 ақпанда Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева Астанада біреулер редакцияға шикі ет пен балаларының суреті салынған қорап беріп жібергенін хабарлаған. Ибраева оқиғаны "қорқыту" деп бағалаған. Оның алдында ол белгісіз біреулер сайтты бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын айтқан.
  • 5 қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер автокөлігінің салонына кірпіш лақтырып, машинасын өртеп жібергенін хабарлады. Егеубаева мұндай әрекетті қастандық деп сипаттады. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелет жасына толмаған бес күдіктіні ұстағанын хабарлады. 15, 16 және 17 жастағы күдіктілер Elmedia редакциясының есігін де бұзды деген күдікке ілінген.

Қазақстан билігі әзірге "Журналистерді қорғау комитетінің" мәлімдемесіне реакция білдірмеді. CPJ бұған дейін де Астананы журналистерге шабуылды мұқият тергеуге, кінәлілерді жауапқа тартуға және ақпарат құралдарына еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.

Бұған дейін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "бұл іс Қазақстан заңнамасына сай тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс" деп жазған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

XS
SM
MD
LG