Accessibility links

Ақтөбе облысы ауылдарының жолын су шайып, қатынас қиындады


Ақтөбе облысындағы Қанағат ауылы. 3 сәуір, 2022 жыл.
Ақтөбе облысындағы Қанағат ауылы. 3 сәуір, 2022 жыл.

Қар еріп, өзен тасыған соң, Ақтөбе облысының көп ауылы көлік қатынасынсыз қалды. Ойыл ауданындағы Көсембай, Қайыңды, Қарасу, Ақкемер ауылдарының жолын тасқын су шайып кеткен.

Ойыл ауданы Көсембай ауылының тұрғыны Дәулетжан Алпысбаев ауылдан шығатын екі жол бар екенін айтады. Соның бірі – қырдағы қара жолдың қары қыс бойы тазаланбаған. Ал қиыршық тас төселген Саралжын – Көсембай жолын су шайып кеткен. Ауыл тұрғындары екі күннен бері 60 шақырым жердегі аудан орталығы – Ойылға қатынай алмай отыр.

– Бүгін қырдағы жолдың қарын тазаламақ болған, ауданнан техника келмеді. Ал 2022 жылы грейдер жол салғанда, көктемде су жүретінін айтып, жолды биіктетуді сұрағанбыз, ешкім құлақ аспады, – дейді Көсембай ауылының тұрғыны Дәулетжан Алпысбаев.

70 үйі бар Ақкемер тұрғындары да ауылға кірер жолды су шайғандықтан, қатынас қиындап кеткекенін айтып отыр. "Ауылдан жеңіл көлік шыға алмайды. Ойылға бару үшін 11 шақырым жердегі тасжолға трактормен жетеміз" дейді Ақкемер ауылының тұрғыны Қалбек Әбілғазин.

Ойыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Тұрғанбековтің сөзінше, Ойыл өзенінің арнасына жақын ауылдардың басым көпшілігіне қазір тек ауыр техника қатынай алады. Ал Қарасу ауылымен көлік қатынасы мүлдем тоқтаған.

Әкімдіктің жұмысына наразы Ойыл тұрғындары желіде петиция жариялап, аудан әкімі Асқар Қазыбаевты қызметінен кетіруді талап ете бастады. Дүйсенбі күнгі онлайн брифинг кезінде Ақтөбе облысы әкімдігі тұрғындарды сабырға шақырып, петиция назарға алынатынын хабарлады.

Байғанин, Темір, Қобда, Шалқар аудандарындағы ахуал да осыған ұқсас. Байғанинде төрт үйге су кірген. Жем, Сағыз өзендері тасып жатқан Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров су кірген үйлер демеушілер көмегімен жөнделетінін айтты.

Ақтөбе облысында күн күрт жылынып, еріген қар тұрғындарды әбігерге салғанына бір апта болды. 12 наурызда су жүріп кеткендіктен, Шалқар – Ембі тасжолындағы көлік қозғалысы алты сағатқа тоқтап қалған. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, елді мекендерге қар суынан қауіп төніп тұрған жоқ, адамдар аман.

Жергілікті ақпараттарға қарағанда, осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстан облысында да болып жатыр. Осы облыстың Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланған. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала, Қаратөбе аудандарындағы жағдай да күрделі екенін хабарлаған.

Биыл ақпанда Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі көктемгі су тасқыны кезінде 700 мыңнан астам адам тұратын 255 елді мекенді су басуы мүмкін екенін хабарлаған.

Ақтөбе тұрғындарын қар суы қажытқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG