Accessibility links

Белсенді Жанболат Мамай соттағы соңғы сөзінде: Менің орнымда елді 30 жыл тонағандар отыруға тиіс еді


Белсенді Жанболат Мамай сотта соңғы сөзін айтып жатыр. Алматы, 6 сәуір, 2023 жыл.
Белсенді Жанболат Мамай сотта соңғы сөзін айтып жатыр. Алматы, 6 сәуір, 2023 жыл.

Қазақстанның тіркелмеген демократиялық партиясының жетекшісі, оппозиция белсендісі Жанболат Мамай 6 сәуір күнгі сотта соңғы сөзін айтты.

Ол билік өзін саяси себеппен қудалап отырғанын айтып, тергеу органдарының заңсыз әрекеттеріне тоқталды.

– Саяси реформаны талап еткенің үшін, оппозициялық партияны тіркеп, ашық сайлау өткізуді талап еткенің үшін, Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан Назарбаевтың кетуін талап еткенің үшін соттау қылмыстық істің саяси сипаты барын айқын көрсетеді, – деді Мамай.

Былтыр 8 ай тергеу изоляторында отырған белсенді елге халықаралық ұйым өкілдері келген сайын билік бұл іске қатынасын өзгертіп отырғанын атап өтті. Мысалы, 2022 жылы күзде белсендінің әйелі Инга Иманбай Еуропарламентте сөйлер алдында Мамайға тағылған "жаппай тәртіпсіздік" бабы алынып, әкімшілік кодекстегі баппен алмастырылған. Алайда биыл жыл басында ауыр бап қайтадан қалпына келтірілген.

Мамай сотта жақтастарымен бірге "Демократиялық партияны" тіркеуге тырысқанын еске салып, митингіні билікке үнін жеткізудің жалғыз амалы деп атады, бұл қылмыс емес екенін де айтты. Авторитар режим жағдайында оның соңы Қаңтар сияқты трагедияға ұрындырады деді.

Ол "елде нағыз саяси реформа жүргізілмейінше және әділ сайлау өтпейінше, жұрт Жанболат Мамайсыз-ақ көшеге шыға береді" деді.

Бұған дейін прокурор Жанболат Мамайды алты жыл алты айға бас бостандығынан айырып, жазаны шарттыға ауыстыруды сұраған еді. Бұған қоса, қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желілерге жазып, хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына тыйым салуды сұраған.

6 сәуірде соттағы сөзінде Мамай судьяға қарата: – Құрметті сот! Сіздің осындай шектеулер қоятыныңызға күмәнім жоқ. Бұл іс жүзінде тілімді кескенмен пара-пар. Ал бұл – азаматтың конституциялық құқықтарын бұзу, – деді.

Мамай сотта "менің орнымда елді Қаңтар оқиғасына жеткізген, халықты 30 жыл тонағандар отыруға тиіс еді" деп мәлімдеді.

– Елді 30 жыл тонағандар неге жауапқа тартылмайды? Қамалғандар арасында неге есепшотында миллиард доллары бар жемқор жоқ? Неге олардың бірде-бірі жауапқа тартылған жоқ? Неге екені белгісіз, Назарбаев айналасындағы шенеуніктер мен ұры-қарақшының жемқорлығын әшкерелеген мені соттап жатыр, – деді Мамай.

Ол елдің сот жүйесіне сенбейтінін, сөзінің соңында әділ үкім сұраудан да мән жоғын айтты. Мамай соңғы сөзін аяқтаған соң, судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Жанболат Мамайдың ісі бойынша сот үкімі 10 сәуірде таңертең оқылады.

Мамайға "жалған ақпарат тарату", "билік өкілін қорлау", "жаппай тәртіпсіздік" баптары бойынша айып тағылып отыр. Белсенді тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеу органдары ешқандай айғақ, дәлел келтірмегенін айтып жүр.

Халықаралық ұйымдар араша түсіп, Қазақстан билігін тағылған айыптарды алып тастап, оны босатуға үндеген. Билік өкілдері үндеулерге реакция білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG