Accessibility links

Таразда прокурор Қаңтар бойынша айыпталған бір адамды 20 жылға, әкелі-балалыны жеті жылға соттауды сұрады


Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

12 сәуірде Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасынан соң істі болған тоғыз адамның жарыссөзі аяқталып, прокурор соттан айыпталушыларға жаза сұрады. Бұл туралы Азаттыққа Жамбыл облыстық соты хабарлады.

Прокурор Тараз тұрғыны Ербол Жұмановты 20 жылға түрмеге қамауды сұрады. Тергеу Жұмановқа Қылмыстық кодекстің "қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып, тартып алу", "құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу", "қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену" сынды бірнеше ауыр баппен айып таққан.

Мемлекеттік айыптаушылар тағы төрт сотталушыға жеті жыл, біреуіне алты жыл түрме жазасын беру керек деп есептейді. Бұлар "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "Қаңтар оқиғасы кезінде халықты зорлық-зомбылық жасауға шақырды" деп айыпталған.

Прокурорлар "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп сотқа тартылған үш адам – Саламат Қосанов, Досмұхамбет Садықов, Ермахан Сайлауовтың әрқайсысына бес жылдық жаза кесуді, рақымшылық заңына сай сот залынан босатуды сұрады.

Прокурорлар жеті жылға соттауды сұрап отырғандардың арасында әкелі-балалы Нұрахан Махатов пен Қанат Нұраханұлы бар. Олардың жақындары тергеу мәліметіне қарсы.

– Тараздағы дүрбелең кезінде күйеуім Нұрахан Махатов – алаңға жастарға басу айту үшін барған адам. 5 қаңтарда кешкі сағат 7 шамасында үйден шығып кетіп, үш сағаттан соң оралды. "Жасы келген адам ғой, ауырып қалар, әкеңді үйге алып кел" деп, баламды алаңға өзім жіберген едім. Екеуінің алаңда жүрген сәті видеоға түсіп қалған екен. Сол үшін тергеу әкелі-балалы екеуін "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы" етіп шығарып отыр. Жарыссөз кезінде соттан тергеу кезіндегі заңсыздықтарға назар аударып, әділ үкім шығаруын сұрадым, – деді Нұрахан Махатовтың әйелі Балқия Ыбыраева.

64 жастағы тараздық Нұрахан Махатов 2022 жылы 20 қаңтарда ұсталған. Ал оның 35 жастағы ұлы Қанат былтыр сәуірдің аяғында қамалған.

Жамбыл облыстық соты бұл іс бойынша жәбірленуші саны 157 адам, ал шығын көлемі 4,3 млрд теңгеге жуық деп хабарлады. Айыпталушылар 14 сәуірде соттағы соңғы сөзін айтады, одан кейін үкім шығуға тиіс.

Тараз соты бұған дейін де Қаңтар оқиғасынан кейін "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айыпталған тоғыз адамның ісін қараған болатын. Сот алаңда оқ тиіп қаза болған Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбай айыпты деп тапқан.

Ал Марат Бекбаудың бұған дейін де істі болғанын ескеріп, екі жылға бостандығынан айыруға және жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге үкім еткен. Асхат Ташекеев пен Ғани Керімбаевқа рақымшылық жасалып, қамаудан босатылған.

Алаңда қаза болған тағы бір тұрғын – 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Тараз соты оны да "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен кінәлі деп тапқан.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG