Accessibility links

Қазан соты "Алға" батальоны жауынгерінің әскери келісімшартты үзу туралы арызын қайтарып тастаған


55003575
55003575

Татарстанның астанасы Қазан қаласының әскери гарнизоны соты әскери қызметтен кейін босату туралы Айрат Абдуллин мен Антон Самойловтың арызын қайтарып тастаған. Бұл жөнінде "Idel.Реалии" хабарлады.

Олар соттан "өздері қызмет еткен әскери қызмет бөлімінің басшыларын келісімшартты үзу туралы рапорттарына қол қоюға міндеттеуді" талап еткен. "Ъ-Казань" басылымына бұл ақпаратты адвокаттары хабарлаған.

Украинадағы соғысқа кеткен "Алға" батальонының бұрынғы жауынгері Айрат Абдуллин Қазан қаласының әскери гарнизонының сотына арыз түсірген. Ол әскери бөлім мен Татарстан әскери комиссариатын келісімшарт мерзімі аяқталуына байланысты әскер қатарынан босату туралы арызын қарауға міндеттеуді сұраған.

Оның әскери бөліммен келісімшарты 2022 жылғы 9 шілде мен 9 қараша аралығында күшінде болған. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң, кезекті еңбек демалысына жіберіп, әрі қарай әскер қатарынан босату туралы рапорт жазған. Құжатқа рота мен батальон командирі қол қойған. Айрат Абдуллин қаруын тапсырғанымен, бригада командирі рапортына қол қоймаған.

Осыдан кейін Айрат Абдуллин "қызмет орнын" өз бетінше тастап, Қазан қаласына оралған. 25 желтоқсанда рапортын республика комиссариатына жіберіп, мән-жайдың шешімін айтуды өтінген.

Адвокаты Лаврентий Сичинаваның сөзінше, Айрат Абдуллин госпитальға түсіп, әскери-медициналық комиссиядан өткен, денсаулығында кінарат бар екені анықталған. Соған қарамастан, тергеу органдары шақырып, әскери бөлімді тастап кеткені үшін жауапқа тартуды көздеп отыр. Айрат Абдуллинмен бірге арызданып жүрген Антон Самойлов та осыған ұқсас жағдайды бастан өткеріп жатыр.

Лаврентий Сичинаваның сөзінше, еріктілердің келісімшарты үздіксіз жалғаса бермейді.

"Ішінара мобилизацияның еріктілерге қатысы жоқ. Президенттің ішінара мобилизация туралы жарлығы шыққанда, Айрат Абдуллиндердің Украинада жүргеніне екі ай болған" дейді Сичинава.

"КоммерсантЪ" басылымының жазуынша, наурыздың өзінде ғана Қазан әскери гарнизонының сотына әскерде келісімшартпен жүргендер мен мобилизациямен әскерге алынып, бірақ әскери бөлімдерін тастап кеткендерге байланысты сегіз қылмыстық іс түскен. Мұндай іспен айыпталғандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің түрлі аймағында 40-тан астам еріктілер бөлімі құрылып, соғысқа жіберілген. Татарстанда "Алға", "Темір" батальондары құрылған. Ішінара мобилизация басталғанға дейін Ресей әскері осындай құрамалар арқылы толықтырылған.

"Idel.Реалии" есебіне қарағанда, биылғы 17 сәуірге дейін Ресейдің Еділ бойындағы облыстары мен республикаларыннан соғысқа кеткен 4261 адам өлген. Бұлар – Ресей ресми мойындалғандары ғана.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG