Accessibility links

Жаңажол газ өңдеу зауытындағы өрт кезінде күйіп қалған төрт жұмысшының екеуі қайтыс болды


Бейтарап фотосурет.
Бейтарап фотосурет.

Ақтөбе облысы Жаңажол кенішіндегі №2 газ өңдеу зауытындағы өрт кезінде күйіп қалған төрт жұмысшының екеуі қайтыс болды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 56 жастағы Рахымжан Рысбеков Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханада 14 мамырда жан тапсырған.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жұмыс орнында күйіп қалған Рахымжан Рысбеков 3 мамыр күні Астанаға санавиация ұшағымен жеткізілген.

– Денесінің 70-75 пайызы күйген науқас айығып кете алмады. Басын, бетін, денесі мен аяқ-қолын термиялық күйік шалған. Тыныс жолдары қатты зақымданған, – деп хабарлады дәрігерлер.

Денесінің 70 пайызы күйген, 1971 жылы туған Мырзалы Қуанышалиев те 14 мамырда қайтыс болған.

Газ өңдеу зауытының жұмысшылары Ақтөбе облысы Кеңқияқ кентіндегі ауруханаға 1 мамыр күні сағат 17.00 шамасында түскен. Күйіп қалған жұмысшылардың жасы 32, 52, 53 және 56-да.

Кеңқияқ ауруханасындағы төрт жұмысшы 2 мамырда облыс орталығына әкелінген. Жағдайы ауыр үш адам ертесіне 3 мамырда санавиация ұшағымен Астанаға жеткізілген.

Жаңажол газ өңдеу зауытындағы өрт туралы хабар "112" нөміріне 1 мамырда сағат 15.55-те түскен. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеңіл көмірсутегі қондырғысы өртенгенін хабарлады. Өртке не себеп болғаны әлі анықталып жатыр.

Қытайдың "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы мұнай өндіріп, газ өңдейтін Жаңажол кеніші Ақтөбе облысының Батпақкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG