Accessibility links

Садыр Жапаров Ақаев пен Бәкиев Қырғызстанға оралса не боларын айтты


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында бұрынғы президент Асқар Ақаевтың Қырғызстанға келгеніне байланысты пікірін айтты.

Жапаровтың сөзінше, Асқар Ақаев – іздеудегі адам емес, үстінен ешбір қылмыстық іс қозғалмаған.

"Біз оны Құмтөр ісі бойынша куәлікке шақырдық. Қамалмайтынына кепілдік бердік. Бірақ онсыз да Ақаевты ұстауға заңды негіз жоқ болатын. Оның куәлігі Құмтөрді алуға зор көмегін тигізді" деді президент Садыр Жапаров.

Ол журналист Қадыр Қошалиевтің тағы бір бұрынғы президент Құрманбек Бәкиевтен алған сұхбатына да тоқталды. Жапаров "журналист кіммен сұхбаттасқысы келетінін өзі біледі" деді.

"Құрманбек Бәкиевті елге әкелетін жоспарымыз жоқ. Асқар Ақаевтай емес, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сырттай 30 жылға сотталған. Ол шешім әлі күшінде. Бәкиев келсе, әрине, қамауға алынады. Заңмен өмір сүруді үйренуіміз керек. Менің сот шешімін қайтарып тастайтын өкілетім жоқ. Менде Бәкиев рақымшылық сұраса, рақымшылық жасайтын немесе бас тартатын құқық қана бар. Рақымшылық жасаймын ба, жоқ па – 2010 жылы зардап шеккен халықтың пікіріне байланысты" деді Жапаров.

Ол Максим, Жаныш, Акмат және Марат Бәкиевтердің үстінен іс қозғалғанын да айта кетті. Қырғызстанға келсе, олардың бәрі заң бойынша қамауға алынуға тиіс.

18 мамырда бұрынғы президент Асқар Ақаев пен әйелі Майрам Ақаева Қырғызстанға келген. Қоғам белсендісі Бекболот Талғарбековтің сөзінше, Ақаев Ғылым академиясы мен политехникалық жоғары оқу орнында лекция оқуды жоспарлаған. Осыға байланысты қырғыз қоғамында сын көбейген. Кей студенттер Асқар Ақаевтың лекция оқуына қарсылық білдіріп, ректорға арыз жазған. Содан соң Қырғызстан білім және ғылым министрлігі Ақаев лекциясы жоспарда жоқ деп мәлімдеген. Бірақ кейін қырғыз Жоғарғы кеңесінде сөйлегенде білім және ғылым министрі Қаныбек Иманалиев Ақаевқа лекция оқытатынын жоғары оқу орны министрлікке хабарламағанын айтқан. Қоғам реакциясынан кейін жоғарғы оқу орны райынан қайтқан.

Мамыр айында интернетте Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бәкиевтің сұхбаты тараған. Сұхбатты ұлттық телерадиокорпорацияның қызметкері алған. Қоғам 30 жылға сотталған адамға мұндай мінбер берілгеніне нарызылық білдіріп, "Бәкиевтер отбасы ақтала бастады" деп сынаған.

Асқар Ақаев 1991-2005 жылдары Қырғызстан президенті болған. 2005 жылы 24 наурызда "қызғалдақ көтерілісі" кезінде Мәскеуге ұшып кетіп, сонда жүріп өкілетін тапсырған.

Қырғызстанның Ақаевтан кейінгі президенті Құрманбек Бәкиев 2010 жылы 7 сәуірдегі төңкеріс кезінде биліктен тайдырылған. Толқу барысында 87 адам өлген. Бәкиев Қырғызстаннан қашып, Беларусьті паналаған. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін өз елінде 30 жылға сырттай сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG