Accessibility links

Украина қарымта шабуылдап жатыр. Бірақ баяу. Батыс алаңдап отыр


Украина әскері Ресей позициясын атқылап жатыр. Бахмут түбіндегі майдан, Донецк облысы, Украина. 5 шілде 2023 жыл.
Украина әскері Ресей позициясын атқылап жатыр. Бахмут түбіндегі майдан, Донецк облысы, Украина. 5 шілде 2023 жыл.

Украина ауылдан-ауылға жылжып, қарымта шабуылын жалғастырып жатыр. Бірақ Киевтің қарқыны баяу, Ресей бірнеше жерде қарсы соққы беріп үлгерді. Батыс елдері Украина былтырғы жетістіктерін қайталай алмауы мүмкін деп алаңдап отыр.

Украинаның 47-механикаланған бригадасы АҚШ берген “Брэдли” көлігімен Работиноға кіріп, майдан шебінен эвакуациялауды күтіп отырған халықтың ризашылығын алды.

22 тамызда Оңтүстік бөлімшені басқаратын генерал Александр Тарнавский Telegram-ға “Жауынгерлеріміз Работино ауылында” деп жазды.

Работино – шағын ауыл. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, Запорожье облысындағы Орихов қаласына апаратын T0408 күре жолының бойында орналасқан ауылда жүздеген адам ғана тұратын. Ауыл Токмак қаласына апаратын жол бойында Мелитополь қаласына жақын (60 шақырым) болғандықтан, маңызды нүктеге айналған.

Украина күштері әуелі Работинода қалған орыс әскерін жеңуі керек.

– Ауыл бірнеше аймаққа бөлінген. Кей жерлер біздің жігіттердің қолында, сұр аймақтар бар, біраз позицияда ресейлік оккупанттар отыр, – дейді “Ресей Еркіндігі” легионының (Украина билігінің дерегінше, ресейлік тұтқындар мен еріктілерден құралған әскери топ) жауынгері Константин Денисов.

Украинаның Работиноны азат етіп жатқанын бірқатар ресейлік әскери блогерлер де растады. Бұл – Украинаның 10 айға созылған қарымта шабуылындағы шағын жетістіктің бірі.

Украина әскері Азов теңізіне жетіп, Ресей әскері оккупацияланған Қырым түбегіне баратын жолды жауып тастағысы келеді.

Жақында Батыс елдерінде дайындықтан өткен тоғыз жаңа бригада құрылып, әскерге Украинаның одақтастары жіберген қару-жарақ берілгенімен, Киев былтыр Харьков және Херсон облыстарында жеткен жетістіктерін қайталай алмай отыр.

Бір апта бұрын Работинодан солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде Украинаның теңіз құрлық әскері Урожайное ауылына беттеді. Олар Мокри Ялы өзені мен Старомайорское ауылы арқылы жылжып, үш апта дегенде елдімекенді азат етті. Старомайорское жеріндегі орыс әскерін қуып шығуға да бірнеше апта кеткен.

– Украинаның қарымта шабуылы көңілімізден шықпады. Қарымта шабуыл екі ай бұрын басталса да, Украина күштері әлі Ресейдің қорғаныс шебін бұзып өте алмай жатыр, – деп жазды АҚШ теңіз құрлық әскерінің бұрынғы полковнигі, стратегиялық халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Марк Канчиан.

– Көп адамдар мен сарапшылар қазіргі жағдайға қарап, стратегиялық жетістікке жету, Азов теңізіне шығу, Мелитополь және Бердянск қалаларын қайтару жоспарына пессимизммен қарай бастады. Бұл қарымта шабуылда прогресс болмайды дегенді білдірмейді. Бәрі бірнеше апта ішінде өзгеруі мүмкін. Кейінгі бірнеше айдағы жағдайға қарасақ, адамдар пессимист бола бастағанын байқаймыз, – деді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Майкл Кофман.

Украина сарбазы Бахмут түбінде 122 милиметрлі минометпен Ресей күштерін атқылау үстінде.
Украина сарбазы Бахмут түбінде 122 милиметрлі минометпен Ресей күштерін атқылау үстінде.

ӨЗІҢДІ ЖӘНЕ ЖАУЫҢДЫ ТАНУ

Маусымның басында Украина 1200 шақырымға созылған майдан шебінің үш жерінен қарымта шабуыл бастады.

Киев АҚШ-тың “Брэдли”, Германияның “Леопард”, “Мардер”, Францияның “Цезарь” көліктерімен Ресейдің қорғаныс шебін бұзып өтіп, біраз аумағын қайтарып алады деп күтілген. Бірақ қарымта шабуыл басталғаннан кейін бірнеше күннен соң Украина күштері танкілерге қарсы орлар, мина көмілген аймақ, айдаһар тістері қорғанысы сияқты кедергілерге тап болды.

8 маусымда Малая Токмачка ауылының маңында Украина күштері мина жазығына кіріп, тікұшақтан жасалған зымыран шабуылының астында қалып, 3 Леопард танкі мен 10 шақты “Брэдли” көлігінен айырылды.

Содан бері Украина әскері Запорожье облысындағы ауылдарды біртіндеп аралап, баяу қозғалып келе жатыр.

Әскери сарапшылар украиндер Ресейдің оңтүстіктегі Запорожье облысындағы негізгі қорғаныс шебін бұза алмады деп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский маусымда әскердің баяу қимылын мойындап, жауынгерлерді ақтап алуға тырысқан.

– Кей адамдар соғыс голливуд фильмі деп ойлап, дәл қазір нәтиже болғанын күтеді. Өмірде олай емес. Басқалар не қаласа да, қанша жерден қысым жасаса да, біз майданда өзіміз дұрыс деп тапқан жолмен қозғаламыз, – деген ол ВВС-ге берген сұхбатында.

– Украинаның тактикалық жеңіске жету үшін не дайындап отырғанын білмейміз. Әлі соғысқа қосылмаған бригадалары бар дейді. Солай да шығар. Бірақ Украина жақсы қаруланған бригадаларын майданға салып қойды деп ойлаймын. Ресей олардың көзін жойды. Сондай-ақ Мәскеудің Украинада қолданбаған күштері бар-жоғын білмейміз. Ресейдің осындай тосынсыйы болуы мүмкін, – дейді Массачусетс технологиялық институты қауіпсіздік зерттеулері бағдарламасының халықаралық саясаттану бойынша профессоры Барри Позен.

РЕСЕЙДІҢ ЖАУАП СОҚҚЫСЫ

Батыс елдерінің қару-жарақ түріндегі әскери көмегінен бөлек, Украина әскері НАТО стилінде соғыс жүргізуді үйреніп, жедел дайындық курсынан өтті. Батыс әскері бұл дағдыларды жылдар бойы үйренеді.

Алғашқы сәтсіздіктерден кейін Украина әдісін өзгертіп, кей жерде советтік үлгідегі ескі стратегиясын қолданып, артиллериялық бөлімшелер белгілі бір позицияны атқылағаннан кейін құрлық әскерін шабуылға жіберіп отырды.

Украина дайындығы мықты әскерін салып, Донецк облысындағы 10 айға созылған шайқас кезінде қираған Бахмут қаласын қайтарып алуға тырысып жатыр.

Украина президенті Владимир Зеленский Запорожье облысындағы әскери бөлімдерді аралаған кез. 15 тамыз 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский Запорожье облысындағы әскери бөлімдерді аралаған кез. 15 тамыз 2023 жыл.

Бұл Батыс елдерінің шенеуніктеріне ұнаған жоқ. The Washington Post дерегінше, АҚШ барлау қызметі Украина Ресей позициясын бұзып өтіп, Мелитополь қаласына жете алмайды деп болжаған.

The Financial Times, The New York Times анонимді түрде пікір берген америкалық шенеуніктер Украина әскерін майдан шебіне тым шашыратып орналастырды деп сынағанын жазды.

Сарапшылар сөзінше, ресейлік командирлер Украина қарымта шабуылын жаңа бастаған кезде болған бірқатар оперативті сәтсіздіктерінен сабақ алып үлгерген. Олар радиоэлектронды күрес тактикасын жетілдірген. Бұл Украина дрондарына кедергі болып, зымырандардың GPS бағдарын анықтауды қиындатқан.

АҚШ Конгресі келер жылғы сайлау алдында сабырсыздыққа салынып отыр. Осы айдың басында АҚШ Конгресінің мүшесі Украина науқанын сынады.

– Тағы да тығырыққа тірелді ме? Бұл мәселеде реалист болуымыз керек шығар? Мен солай ойлаймын. Жеңіске жетуге болады дегенге сенбеймін, – деді республикалық партия өкілі Энди Харрис.

Ақүй бұрынғыша Киевті қолдап отыр. Жақында АҚШ президенті Джо Байден Конгрестен Украинаға қару-жарақ пен гуманитарлық көмек жіберуге тағы 21 миллиард доллар бөлуді сұрады.

– Кейінгі 2 жылда соғыс қалай жүреді деген сараптаманың түр-түрі жасалды. Майдандағы көп өзгерістің куәсі болдық. Украинаны қарымта шабуылында қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Кедергі жасамаймыз. Соңы немен аяқталатын болжауға тырыспаймыз, өйткені соғыстың ақыры қалай болатыны белгісіз, – деді 18 тамызда қауіпсіздік бойынша кеңесші Джейк Салливан.

Әскери сарапшылар Ресей күштері Украинаның қарымта шабуылын күтпей, бірнеше елдімекенде жауап соққы беруге кірісіп кетті дейді.

– Ресей әскері жауына қарсы жүріп, қорғанып жатыр. Олардың қорғанысы жақсы, бірақ оны пайдаланып жатқан жоқ. Мәскеу қорғаныс операциясымен қатар қарсы шабуыл жасауға кірісті, – деді Кофман.

Бахмуттың солтүстігіндегі Купянск, Сватово, Кременная қалаларының маңында ресейліктер Украин әскерін кері шегіндірді.

– Олар майданның басқа бөліктерінде де қарсы шабуыл бастаса, әлі де өз күшінде деген сөз, бұл украиндер үшін жаман жаңалық. Орыстардың жауап соққысы сәтті аяқталады деп кепілдік бере алмаймын. Бірақ олардың соққы беруге қауқарлы болуының өзі Ресейдің соншалық әлсіз емесін көрсетеді, – дейді Позен.

АҚШ әскерінің отставкадағы генералы Кевин Райан Украина халқының саны Ресей халқының аз бөлігін ғана құрайтынына назар аударды.

– Осы себептен Украина жылдамдығын бәсеңдетіп, әскерін сақтап қалу үшін қауіпсіз жолды таңдады. Соғыста шайқас баяу әрі лас жүретін кездер болады. Ондайда ештеңеге қарамай, күресті жалғастыра беру керек. Әйтеуір бір өзгеріс болады, – дейді Райан.

Еуропа елдері Украинаның әскери жетістіктеріне күмәнмен қарай бастады.

– Украинадағы жалпы әскери жағдайды өзгерте алмайсыңдар. Көбі осылай ойлап қателеседі. 1200 шақырымға созылған майдан шебінде тығырыққа тіреліп отырмыз. Украина бірнеше қарсы шабуыл ғана жасап отыр. Қарымта шабуылдың басталғанына 2,5 айдан асты, бірақ жалпы әскери жағдай өзгерген жоқ. Өзгеріс болуы үшін НАТО соғыс партиясына айналып, бар әлеуетін жұмсауы керек. НАТО-дағылар бұлай жасағысы келмейді, – дейді неміс әскерінің отставкадағы генералы, канцлер Ангела Меркельдің тұсында әскери кеңесші болған Эрих Вад.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG