Accessibility links

Қазақстанда "ықпалы күшейген Ресей" және "Жаңа Қазақстандағы" "ескі саясат"


Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 9 қараша 2023 жыл.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Астана, 9 қараша 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада соғыс басталғалы Қазақстанда Ресейдің ықпалы күшейіп, екі елдің экономикалық қарым-қатынасы тереңдей түскенін жазды. Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанында» экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінен қалған ескі саясат жалғасып жатқанын талдады. Бұдан бөлек Қазақстан санкция салынған тауарды Ресейге реэкспорттауды тоқтатты ма деген сұраққа жауап іздеді.

"БАТЫСҚА БЕТ БҰРМАЙ, МӘСКЕУМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ КҮШЕЙТКЕН" АСТАНА

Мәскеу Украинаға басып кірген соң сарапшылар Қазақстан Батысқа бет бұрады деп болжаған, бірақ соғысқа қарамастан Ресейдің Қазақстанда ықпалы күшейіп келеді, дейді зерттеуші Кейт Маллинсон Ұлыбританиядағы Chatham House сараптама орталығының сайтындағы мақалада.

«Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы 2022 жылдың қаңтарында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолын кескен соң, Тоқаев Путинге қарыздар болып қалды. Президенттердің екіжақты қарым-қатынасында Тоқаевқа Назарбаевтың беделі жетіспейді», дейді Chatham House сараптама орталығының Ресей және Еуразия бағдарламасының ғылыми қызметкері Кейт Маллинсон.

Қазақстан Батыстың Ресейге қарсы санкция режимін сақтауға уәде еткен. Зерттеушінің жазуынша, Қазақстан министрлері Вашингтонға санкция ережесін талқылауға барған сайын міндетті түрде Мәскеуде де сапарлап, Путинді қолдауға уәде беріп кетеді.

Соғыс басталғалы Ресеймен сауда рекордтық көрсеткішке жетті: 2022 жылы Ресеймен сауда 26 миллиард доллар болса, 2024 жылы 27 миллиард долларға жуықтады. Елде жұмыс істеп жатқан шетел компанияларының жартысы – Ресейдікі.

Мәскеу Қазақстанға әртүрлі экономикалық тетіктер арқылы әсер ете алады. Қазақ мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы Ресей аумағы арқылы өтеді. Ресей осы күнге дейін бұл құбыр арқылы мұнай экспортын тоқтата алатынын бірнеше мәрте көрсетті.

Сарапшы президент Тоқаев стратегиялық лицензияларды сатуға рұқсат еткен соң, Ресей Қазақстандағы уран өндірісінің 25 пайызын бақылауға алды дейді. 2022 жылдың соңында Ресейдің «Росатом» мемлекеттік компаниясы елдегі ең ірі Буденовское уран кенішін барлауға екі лицензиясы бар компанияның 49 пайыз акциясын сатып алды.

Астана мен Мәскеудің энергетика саласындағы қарым-қатынасы күшейіп жатыр: екі тарап қол қойған 6 миллиард доллар келісімге сәйкес, Ресей Қазақстанға үш жылу электр орталығын салып бермек.

Ресей мен Қытай Қазақстан экономикасын өздеріне барынша интеграциялап, Астананың Батыстан алшақтағанын, бірақ Батыспен байланысты біржолата үзбегенін, санкцияға іліккен тауар әлемі Қазақстан арқылы қолжетімді болғанын қалайды.

Еуроодақ пен АҚШ − Қазақстанның ірі инвесторлары, бірақ олардың ықпалы азайып жатыр. Себебі Тоқаев өзге серіктестер ешқандай шарт қоймай, бейресми жолмен қаржы құяды деп үміттенеді.

Маллинсонның пайымдауынша, Тоқаев Ресейді ашық қолдамай әрі Мәскеудің «Ресейге қарсы әрекет етті» деген айыбына қалмас үшін баланс ұстануға тырысады. Дегенмен география, экономика және мәдени байланысты ескерсек, Ресей алдағы онжылдықта Қазақстанның басты стратегиялық серіктесі болып қала бермек.

"НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІМЕН САБАҚТАСТЫҚ" ЖӘНЕ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ" ЕСКІ САЯСАТ

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткелі бес жылға жуықтаса да, билік сабақтастығы сақталып қалды, деп жазады Ұлыбританиядағы Глазго университетінің профессоры Лука Анчески АҚШ-та шығатын Diplomat журналында.

2019 жылдың ақпанында елде көпбалалы аналардың наразылығы болып жатқанда сол уақыттағы президент Назарбаев Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министр қызметіне Асқар Маминді қойып, жаңа үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық теңсіздік мәселесін шешеді деп уәде етті.

2024 жылдың басында билік дәлізінде дәл осыған ұқсас оқиға болды. Ақпан айының басында президент Тоқаев үкіметте ауыс-түйіс жасап, жаңа премьер-министр Олжас Бектеновке экономикаға жан бітіруді тапсырды.

Олжас Бектенов (ортада) мәжілістің пленарлық отырысында. Жанында президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин отыр. Астана, 6 ақпан 2024 жыл.
Олжас Бектенов (ортада) мәжілістің пленарлық отырысында. Жанында президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин отыр. Астана, 6 ақпан 2024 жыл.

Анческидің жазуынша, экономикалық мәселелерді шешу үшін режимнің үкіметті ауыстыру тәрізді тиімсіз әдіске жүгінуі 2019-2024 жылдар аралығында Қазақстанда көп нәрсе өзгермегенін айшықтайды.

Дей тұрғанмен осы уақыт аралығында екі айтулы оқиға болды: оның бірі − 2019 жылдың 19 наурызында Назарбаевтың отставкасы болса, екіншісі − 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы.

Зерттеуші 2019 жылы елде биліктің ауысуын «басқармалы билік транзиті» деп атайды. Назарбаев ресми түрде президенттіктен кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және «Нұр Отан» (қазір «Аманат») партиясына төрағалық арқылы билік өкілетін, ал оның туыстары саяси мансап пен байлықты сақтап қалды. Оның жақын төңірегіндегі сенімді адамдар, мысалы, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов өз қызметінде қалды. Режимнің жік-жікке бөлінуі, элитаралық текетірес 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасына ұласты. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ отыны бағасының қымбаттауынан басталған бейбіт наразылық басқа аймақтарға тарап, арты жаппай тәртіпсіздікке айналды, кемі 238 адам қаза тапты. Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік күштерінің көмегімен тәртіпті қалпына келтірді.

Анчески Қанды Қаңтар «басқармалы билік транзитінің» сәтсіз аяқталғанын көрсетті, осы кезде Назарбаевты саяси сахнадан біржолата кетіп, Тоқаевтың дәуірі басталды дейді.

Қаңтар оқиғасынан кейін режим Назарбаевтан арылуды бастап, «Жаңа Қазақстан» идеясына негізделген пропаганда нарративін ұсынды. Зерттеуші реформа іске асады делінген «Жаңа Қазақстан» іс жүзінде ескі Қазақстанға ұқсас болып шықты дейді. 2022-2023 жылдары елдің саясаты жаңа бағыт бойынша дамыған жоқ, оны былай қойғанда, Назарбаев билігі кезіндегідей авторитарлы биліктің консолидациясына бағытталған әдістер байқалды. Зерттеуші 2022-2023 жылдары тура Назарбаев тұсындағыдай бәсекесіз сайлау өтіп, Конституцияға өзгерістер енгізілгенін мысал ретінде келтіреді.

Тоқаевтың экономикалық стратегиясы Назарбаев дәуірімен үндеседі. Көмірсутегіден арылу жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына қарамастан, режим әлі де шикізат экспортына сүйенеді. Автор елдегі транзит нәтижесінде елдің басына Назарбаев дәуірінен қалған экономикалық стратегияны өзгертпеген, саяси таңдауға кең мүмкіндік ашпаған басшылық келді дейді.

«2024 жылы бірінші президенттің қызметтен кеткеніне бес жыл толды. Қаңтар оқиғасынан бері екі жыл өтсе де, авторитар, клептократ режимді, экономикасы қиындықты бастан өткеріп жатқан елді әлі де қарт адам басқарады. Кей дүние еш уақытта өзгермейтін сияқты», деп түйіндейді Анчески.

ҚАЗАҚСТАН БАТЫС ТАУАРЫНЫҢ РЕСЕЙГЕ РЕЭКСПОРТЫН ТОҚТАТТЫ МА?

Батыстың Мәскеуге қарсы санкциялары Ресейдің экономикасын титықтатып, барынша шығынға батыруға тиіс еді. Алайда Батыс елдерінің тауарлары Ресейге әлі де Орталық Азия мен Кавказ елдері арқылы жеткізіледі. АҚШ-тағы халықаралық қаржы институтының бұрынғы бас экономисі Робин Брукс пен Массачусетс технология университетінің профессоры Саймон Джонсон Project Syndicate медиа желісіндегі мақалада Батыс елдері Путиннің санкцияларды айналып өтетін жолдарына тосқауыл қоюы керек деп жазды.

2019 жылмен салыстырғанда 2023 жылы АҚШ-тың Ресейге экспорты 90 пайызға, Жапонияның Ресейге экспорты 60 пайызға, Германиянікі 70 пайызға төмендеді. Алайда Ресей орталық банкінің мәліметіне қарағанда, 2019 жылы Ресейге тауар импорты 254 миллиард долларға тең болса, 2023 жылы ол 304 миллиард долларға жетіп, 20 пайызға өскен.

Брукс пен Джонсон мұны екі себеппен байланыстырады. Біріншіден, Қытайдың Ресейге экспорты 2019 жылмен салыстырғанда былтыр 125 пайызға өсіп, 110 миллиард долларға жетті. Екіншіден, Батыс тауарлары Ресейге Кавказ және Орталық Азия арқылы жеткізіледі.

АҚШ-тың Орталық Азия мен Кавказға экспорты 2019 жылы 2,6 миллиард доллар болса, 2023 жылы 4,1 миллиард долларға немесе 60 пайызға өскен. Осы кезеңде Жапонияның Орталық Азия мен Кавказға экспорты 67 пайызға, ал Германиянікі 72 пайызға өсті. Сарапшылар бұл әртүрлі тауардың санкцияны айналып өтіп жатқанын көрсетеді дейді.

Мәскеу Украинаға басып кірген соң Еуроодақтың Ресейге ай сайынғы тікелей экспорты 8 миллиард доллардан 4 миллиард долларға азайды. Бірақ Еуроодақтың Орталық Азия мен Кавказға ай сайынғы экспорты 1,5 миллиард доллардан 2,5 миллиард долларға артты. Брукс пен Саймон Еуроодақтан бұл елдерге бұрынғымен салыстырғанда 25 пайызға көбірек экспортталатын тауар арасында Ресейге соғысқа қажет автомобиль мен автобөлшектер, қосалқы мақсатта қолданылатын басқа да тауар болуы мүмкін дейді.

Орталық Азияда Батыстың тауарын Ресейге негізінен Қырғызстан, ал Кавказда Грузия мен Армения реэкспорттап жатыр. Соғыс басталған соң Қазақстанның Ресейге экспорты күрт артқанымен, 2023 жылдың ортасына қарай бұл көрсеткіш соғысқа дейінгі деңгейге түсті. Зерттеушілер Астана реэкспортты тоқтату туралы шешім қабылдағаны анық дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG