Accessibility links

АҚШ Израильге шабуылдаған Иранға жаңа санкциялар салды


Иран әскери дрондары
Иран әскери дрондары

АҚШ пен Ұлыбритания Иранға өткен аптада Израильге жасаған шабуылына жауап ретінде жаңа санкциялар салды. Иран әскери дрондар мен зымырандар қолданып, Израильге бұрын-соңды болмаған көлемде әуе шабуылын жасаған еді.

АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, Иранда әскери дрон өндірісін қамтамасыз етіп отырған 16 жеке тұлға мен екі компания санкцияға ілінді. Иранның Khouzestan Steel Company (KSC) компаниясына болат өндірісіне керек материал жеткізетін әртүрлі аумақта тіркелген бес компанияға да шектеу қойылды.

АҚШ-тың санкция тізіміне ирандық автокөлік өндіруші Bahman мен оның үш еншілес компаниясы енген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, олар Ислам революциясы сақшылары корпусына материалдық қолдау көрсетіп жатыр деп жазды "Настоящее Время" сайты.

"Бұл санкциялар Ислам революциясы сақшылары корпусына, Иран қорғаныс министрлігі мен осы өрескел шабуылды қамтамасыз еткен Иран үкіметінің зымыран мен дрон жасау бағдарламасына қатысы бар көшбасшылар мен ұйымдарға қарсы салынды. "Үлкен жетілік" елдері Иранға экономикалық қысымды күшейтуге бірлесіп әрекет етуге дайынбыз", – деді АҚШ президенті Джо Байден мәлімдемесінде.

Байден АҚШ одақтастары мен серіктестері Иранның "әскери бағдарламаларын тұрақсыз ететін" шектеуге қосымша санкциялар мен шаралар енгізгенін немесе енгізетінін айтты.

Ұлыбритания жеті жеке және алты заңды тұлғаға, соның ішінде Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштеріне, Иран қарулы күштерінің бас штабына және бірнеше әскери тұлғаға қарсы санкция салды.

"АҚШ-пен бірге салған санкциялар біздің бұл әрекетті сөзсіз айыптайтынымызды көрсетеді, олар Иранның аймақтағы жағдайды тұрақсыз ететін мүмкіндігін одан әрі шектейді", – деді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.

14 сәуірге қараған түні Иран Израильге әскери дронмен және қанатты зымырандармен әуеден жаппай шабуыл жасады. Тегеран бұл шабуылды 1 сәуірде Дамаскідегі Иран консулдығына тиесілі ғимаратқа жасалған шабуылға жауап деп атаған. Иран Израиль жерін нысанаға алып, 170-ке жуық дрон мен 150 қанатты және баллистикалық зымыран ұшырған. Израиль, АҚШ және Иордания әскери күштері олардың түгелге жуығын әуеден атып түсіргенін айтты.

  • Иран Израильдегі әскери нысандардың бәрін қиратқанын мәлімдеді. Бұл хабарламаны растайтын ақпарат жоқ. Көптеген адам жаппай соққы Израиль мен оның одақтастарының әуе қорғанысындағы жетістігін көрсетті деп айтты.
  • Иран қақтығысты одан әрі өршітпеуге тырысатынын мәлімдеді. Израильде Иранға қарымта шабуыл жасау жайы талқыланып жатыр. The Jerusalem Post газетінің хабарлауынша, Израиль қарымта шабуыл жөнінде шешім қабылдаған, бірақ оның нақты уақыты белгіленбеген.
  • Ақпаратқа қарағанда, Иранның ядролық нысандарынан бастап, Ислам революциясы сақшылары корпусының шенеуніктеріне дейін шабуыл нысанасына алынуы мүмкін. АҚШ пен оның одақтастары ұстамды болуға шақырды. Бұған дейін Вашингтон Израильдің Иранға шабуылына қатыспайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG