Accessibility links

АҚШ өкілдер палатасы Украинаға ірі көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдады


АҚШ өкілдер палатасы көп айға созылған талқылаулардан кейін Украинаға көмек көрсетуді мақұлдады. Жалпы сомасы 95 млрд доллардан астам әскери көмек қарастырылған заң жобасы Украинамен қатар, Вашингтонның одақтастары Израиль мен Тайваньға да көмек көрсетуді көздейді.

Бұл соманың шамамен 61 млрд доллары Украинаға берілмек. Заң жобасына дауыс беру кезінде 311 адам құжатты қолдады, 112 адам қарсы болды. Осы құжат аясында Киевке Ресей басқыншылығына қарсы күресу үшін қару-жарақ және өзге де көмек берілмек.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтондағы дауыс беру нәтижесін жылы қабылдап, бұл "мыңдаған адамдарды ажал аузынан аман алып қалады" деп мәлімдеді.

"Заң жобасын сенат қабылдап, президент Байденге жібереді деп үміттенеміз. Америка, рахмет!" деді Зеленский X желісінде.

Сенбі күні өкілдер палатасы дауыс берген пакет төрт заң жобасынан құралған және олардың барлығы қабылданды. Енді құжат сенатқа дауыс беруге жіберіледі. Сенат алдағы аптада оны қабылдап, президент Джо Байденге қол қоюға жіберілмек.

Ақ үй басшысы сенаторларды заңды тезірек қол қоюға жіберуге үндеді.

Сенбі күні өкілдер палатасы қытайлық ByteDance компаниясы TikTok желісін басқа компанияға сатуға келіспесе, оған тыйым салуға бағытталған шараларды да қабылдаған. Бұл заң жобасына TikTok-қа қатысы жоқ жайттар да, мысалы Қытай, Ресей, Иранға қарсы жаңа санкциялар да енген.

АҚШ конгресі 2023 жылдың күзінен бері демократтар мен республикашылдар арасындағы қайшылыққа байланысты Украинаға көмек қарастырылған заң жобасын мақұлдай алмаған. Республикашылдар оған шекараны қорғауға бағытталған шаралар енбегенін алға тартып, мақұлдаудан бас тартып келген.

XS
SM
MD
LG