Accessibility links

West Oil жұмысшыларына үшінші компанияға ауысуды ұсынды


West Oil Software компаниясының жұмысшылары наразылықта тұр.
West Oil Software компаниясының жұмысшылары наразылықта тұр.

Былтырдан бері өздерін "ҚазМұнайГаз" штатына қайтаруды талап етіп жатқан West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жүздеген қызметкеріне жалақысы жоғары, еңбек жағдайы жақсы үшінші компанияға ауысу ұсынылды. Бұл туралы 22 сәуірде Азаттыққа жұмысшылардың бірі Сәкен Қошанов хабарлады.

Оның айтуынша, 21 сәуір кешке, наразылықтың 133-ші күні жұмысшылармен Қазақстан президенті аппаратының инспекторы кездескен.

"[Мемлекеттік] "Қазмұнайгаз" [компаниясының] өкілдері, [оған қарасты] "Маңғыстаумұнайгаз" директорымен келді. Екіжақты келісім болды. Еңбек жағдайы жақсы жасалған, жоғары, тұрақты жалақысы бар компаниялар ұсынамыз, өздеріңіз таңдап аласыздар деді. "Қазмұнайгаз" құрамына тіке кіру мәселесін дәл қазір қарастыра алмайтындарын айтты" деді Қошанов.

Оның сөзінше, жалақы мен басқа мәселелер алдағы келіссөз отырысында шешілуі тиіс. Жұмысшыларды басқа жұмыс орнына ауыстыру тәртібімен кіргізеді. Қошанов ереуілде тұрған 360 адам мен қызметінен босаған 68 адамның бәрі жұмысқа қабылданатын болды деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, кездесу түнгі сағат 11-де болған, шамамен бір сағат өтіп, соңында хаттама толтырылған. Жұмысшылар хаттама алған соң заттарын жинап кетіп қалды деді Қошанов.

Былтыр желтоқсанда Маңғыстау облысы Жетібай кентінде West Oil компаниясы жұмысшылары ереуілге шығып, өздерін "Қазмұнайгаз" құрамына алуды, жалақы беру тәртібін "Қазмұнайгаздың" барлық еншілес кәсіпорындарына ортақ бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне теңестіруді, еңбек жағдайын жақсартып, жұмысқа пайдаланатын көлік пен техниканы жаңартуды талап етті.

Кеше желіде West Oil жұмысшыларының мәселесі бойынша шешім қабылданғаны туралы ақпарат тарады. Әзірше оны растайтын ресми дерек жоқ.

Қошановтың айтуынша, жұмысшыларды жаңа кәсіпорынға ауыстыру туралы шешім қабылданғанға дейін олар бұрынғы компания штатында қалуы керек. Оның сөзінше, наразылардың ереуілде тұрған уақытына жалақы төленбейді, өйткені сот оны заңсыз деп таныған.

22 сәуірге қараған түні желіде қараңғы уақытта түсірілген видео тарады. Онда жұмысшылардың ереуіл өтіп жатқан орны мен тұрақта тұрған көліктердің ортасындағы адамдар көрінеді. Видеодан "West Oil жігіттерінің талаптары "орындалды" және олар "тарап жатыр", "Астанадан адамдар келді. Толық шешті" деген дауыс естіледі.

Наразылар 2023 жылы 11 желтоқсанда ереуілге шығып, төрт айдан астам уақыт бойы талаптарын айтты. Бұл — мұнайға бай Маңғыстау облысы тарихындағы ең ұзаққа созылған ереуілдердің бірі.

Наразылықтың бірінші күндері Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің талабын орындап, ереуілді заңсыз деп тапты. Наразылар шешімге келіспей облыстық сотқа шағымданды, бірақ нәтиже болмады. Жұмыс беруші бұған дейін ереуіл салдарынан компания күн сайын 23 миллион теңгеден астам шығынға ұшырайды деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG