Accessibility links

Америка елшісі Пекинді Украинамен соғыста Ресейді қолдады деп айыптады


АҚШ-тың НАТО-дағы тұрақты өкілі Джулианн Смит
АҚШ-тың НАТО-дағы тұрақты өкілі Джулианн Смит

АҚШ-тың НАТО-дағы тұрақты өкілі Джулианн Смит Қытайды Украинамен соғыста Ресейді қолдады деп айыптады. Оның сөзінше, Ресейге әскери мақсаттарына жетуіне қол ұшын беріп отырған Пекинді "ендігәрі соғыста бейтарап қалды" деп айтуға келмейді. Мұндай мәлімдеме АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Пекинге сапары кезінде жасалды және бұл осы мәселе бойынша Вашингтонның ең қатаң мәлімдемесі ретінде бағаланып отыр.

"Іс жүзінде олар (Қытай) бір тарапты таңдады. Менің ойымша, Қытай өзін бейтарап ел ретінде көрсеткісі келсе де оған сенбейміз" деді ол.

Смиттің айтуынша, АҚШ Қытайдың Ресейді материалдық тұрғыда қолдағанын жиі байқап келеді. Мәселе "дрон технологиясы", микроэлектроника, станоктарды тасымалдау жөнінде болып отыр. Смиттің сөзінше, АҚШ-та әзірге ұшу апараттарын бергені жөнінде дәлел жоқ.

Пекин Украинадағы соғыста бейтарап екенін айтып келеді. 2023 жылы ақпанда Қытай сыртқы істер министрі соғысты реттеу жоспарын таныстырған. Құжатта халықаралық заңнаманы сақтау қажеттігі жөнінде бірқатар декларативті мәлімдемелер бар. Бірақ оны Украина да, Ресей де, Батыс елдері де қуаттаған жоқ.

Қытайдың Ресейді қолдау мәселесі Блинкеннің Қытайға сәрсенбі күні басталған үш күндік сапары барысында талқыланып жатыр. Блинкен бір жыл ішінде осымен екінші рет Қытайға сапарлап отыр.

Америка ақпарат құралдарының Ақ үйдегі дереккөздері Қытай өнеркәсібі мен банктеріне қарсы санкция әзірленіп жатқанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG