Accessibility links

"Реформа" ма, әлде "журналистерге кедергі" ме? Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына көзқарас


Медиасарапшылар мен журналистер сынаған "Масс-медиа туралы" заң жобасының мәжіліс қабылдап, сенаттың қарауына кеткен нұсқасы парламент сайтында жарияланды. Заң жобасы 70 баптан тұрады. Бұған дейін дау тудырған нормалардың кейбірі қалған, енді бірі алынып тасталған. Бұл жөнінде жұмыс тобында болған журналист, заңгер және мәжіліс депутаты не дейді?

"МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛАТЫНЫН БАҚЫЛАУ МҮМКІН ЕМЕС"

Журналист, "Масс-медиа туралы" заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі Халима Тәжіқұл жаңа заң жобасында журналистермен қатар салық төлеушілерге де қолайсыз нормалар бар, ал енгізілмей қалған ұсыныстар көп дейді.

Оның айтуынша, "Масс-медиа туралы" деп аталатын жоба осы күйі қабылданса, бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тапсырыстар тендер арқылы өтпейді.

— Демек, біз бұдан кейін мемлекет бюджетінен мемлекет пропагандасына бөлініп жатқан қаражатты кімдер алып жатқанын, қанша алып жатқанын көре алмаймыз. Бұл мәселе 2017-2018 жылдан бері туындаған. Министрлік сол кезде "бізді мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алаңдатады, шетелдік құрылтайшысы бар БАҚ-тар мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін" деген. Сосын "кез келген адам сайт ашып, тендерді алып кетеді, ал олардың құрамында журналистер саны аз болуы мүмкін" деп айтқан. Мұның бәрі сылтау деп түсінемін, — деді Халима Тәжіқұл.

"Цензура барын мойындауымыз керек". Депутаттар даулы заң жобасын қалай мақұлдады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:27 0:00

Оның айтуынша, мемлекет қаржыны арнайы комиссия құру арқылы бөліп беріп отырады.

— Біз осы комиссия құрамының үштен екісі БАҚ саласындағы қоғамдық ұйым өкілдерінен құралсын деп ұсындық. Бірақ мәжіліс мақұлдаған жобада ондай ұйым өкілдері кемінде үштен бірін құрайды деп жазылыпты. Яғни, көп бөлігі министрлік ұсынған адамдардан болады да, басым дауысқа солар ие болады деген сөз. Сонымен бірге мемлекеттік емес отандық бұқаралық ақпарат құралдарына грант беру қарастырылған. Мұны "Қазақстанның ақпараттық тәуелсіздігін нығайту, қорғау жолы" деп көрсетеді. Әрине, әдемі айтылған, жағымды естіледі. Бірақ іс жүзінде қалай болатыны белгісіз. Өйткені ақшаны кім берсе, тапсырысты да сол айтады, — деді ол.

Халима Тәжіқұлдың пікірі бойынша, БАҚ-тың құрылтайшысы редакцияның саясатына араласпайды, басылымның редакциялық тәуелсіздігі болады деген норма енгізу керек, сонда грант беру нормасы жақсы жүзеге асады.

Ол бұқаралық ақпарат құралында мемлекет тапсырысымен жарияланған материал таңбалануы керек деген норма енгізіле ме деп күткенін айтады. Мұндай таңбалау салық төлеушілердің бюджет қаржысына шыққан материалдар қайсы екенін қарап, бағалауына аса қажет болатын. "Демек, бұл мүмкін емес" деді журналист.

"Билікті сынайтын журналист мемлекетке жау емес"
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:12 0:00

Ал мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан мемлекет қаржысының "желге ұшпауын" құзырлы органдар қарап отырады деп сендіреді.

"Оны қадағалап, әрбір тиын-тебеніне дейін бақылайтын тиісті мемлекеттік органдар бар. Бұл – басқа заңдар аясында шешілетін мәселе. Жемқорлықтың болмауына, бөлінген қаражат өз орнымен жұмсалуына және сапалы контент үшін мен де журналист ретінде мүдделімін. Бұл алаңдаушылығыңыз орынды" деген еді Жанарбек Әшімжан "ДАТ" газетіне берген сұхбатында.

"МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫНА СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ"

"Масс-медиа туралы" деп аталатын осы заң жобасында отандық телеарна мен радиолардың мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көлемін арттыруды көздейтін норма бар. Оған сәйкес, 2025 жылдан бастап бағдарламалардың кемі 55 пайызы мемлекеттік тілде, 2027 жылдан бастап кемінде 60 пайызы мемлекеттік тілде болуы керек екені жазылған.

Ал Халима Тәжіқұл бұл пайыз әлі де аз әрі мемлекеттің тіл саясатына сәйкеспейді деп есептейді.

— Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Онда 2029 жылы республикада қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 84 пайыз болады деп жазылған. Ал мемлекеттік органдардың іс жүргізуі 94 пайызға жетеді делінген. Демек, отандық телеарна мен радиолардағы қазақ тіліндегі бағдарламалар үлесін де осыған сәйкестендіру керек еді. Алайда 2025 жылы кемінде 55 пайыз, 2027 жылы кемінде 60 пайыз болады деген норма енгізілді. Менің түсінігімде, заң жобасы қандай да бір концепцияға сүйеніп әзірленуі керек. Демек мемлекеттік тіл саясатына қатысты құжатты негізге алуымыз қажет болған. Бірақ түрлі министрліктердің өкілдері бұған дайын емес екенін білдірді, — деді ол.

Мәжіліс депутаттары да қазақ тіліндегі бағдарламалар көлемін арттыруды қалаған.

"2003 жылы бізде жалпы ақпарат кеңістігінде ақпарат таратуда мемлекеттік тіл 50/50 деген норма енгізілген. Осыған байланысты 60/40 деген ұсыныс бердік. Бірақ бұл ұсыныс та біздің депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. 70/30 болу керек деген оған қарама-қарсы норма ұсынылды. Бұл норма 100 пайыз дауыспен қабылданған. Бірақ үкімет қорытындысы бойынша, 2025 жылдан бастап телерадиобағдарламалардың жалпы көлемінің 55%-ы, 2027 жылдан бастап 60%-ы мемлекеттік тілде және отандық өндірісте болуы қажет деп бекітілді" деген пікір айтқан Жанарбек Әшімжан.

Дегенмен сарапшылар телеарналарға қатысты жақсы өзгерісті де атап өтті.

— Телеарналар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жергілікті уақытпен сағат 16.00-ден 22.00-ге дейінгі ақпараттық бағдарламаларды сурдоаударма және субтитрмен қамтамасыз ететін болды. Мұны жақсы норма деп қабылдауға болады, — деді Халима Тәжіқұл.

"КЕДЕРГІ" МЕН "ЖЕҢІС"

Халима Тәжіқұл Қылмыстық кодекстегі журналист жұмысына кедергі келтіргендер жазаланады деген норма іс жүзінде көп қолданылмай келетіні қынжылтады дейді. Оның айтуынша, журналиске кедергі келтіргендер жазасыз қалып жатады, журналистердің шағымы қабылданбай қалады.

— Сондықтан жаңа заң жобасында журналист жұмысына кедергі келтіргендер әкімшілік жауапқа тартылады, яғни айыппұл төлейді деген тармақты қосуды да қалаған едік. Өтпей қалды, — деді ол.

Ал "Құқықтық медиа орталық" ұйымының өкілі, заңгер Гүлмира Біржанова мекемелер мен іс-шараларға қатысу үшін беретін аккредиттеу картасы журналистерді алалап, "ыңғайсыз" тілшілерді қатыстырмауға жол беруі мүмкін деп қауіптенеді. Оның пікірінше, бұған дейін "журналистерді алалайды" деп қарсылыққа ұшыраған баспасөз картасы туралы ұсыныс алынып тасталғанмен, енді "аккредиттеу картасын" беруге сондағы талаптар қойылып кетуі мүмкін.

Гүлмира Біржанова
Гүлмира Біржанова

Бұл пікірді Халима Тәжіқұл да қуаттайды. Оның айтуынша, журналистерді аккредиттеу үлгісін министрлік әзірлейді, ал басқа барлық мемлекеттік органдар сол үлгіге қарап өздерінің аккредиттеу қағидаларын жасайды.

— Министрлік қандай талаптар қоятыны беймәлім. Ертеңгі күні баспасөз картасына қойылған талаптар енгізіліп кетуі мүмкін, — дейді ол.

"Масс-медиа туралы" заң жобасы осы күйінде қабылданса, азаматтар бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған ақпаратты немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде ғана талап ете алады. Ал қазіргі қолданыстағы "БАҚ туралы" заңда ондай шектеу жоқ. Бұрын жарияланған кез келген материал үшін басылымға теріске шығару туралы талап түсе береді. Сарапшылар шағым түсіруге бір жыл уақыт берілетіні "журналистердің жеңісі болмақ" дейді.

Сонымен бірге Гүлмира Біржанова мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратты қазіргідей бес жұмыс күні емес үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруі керек деген ұсыныстың да өтпей қалғанына қынжылады. Оның сөзінше, қазіргі "жалған ақпарат, пропаганда көбейген заманда" журналистерге ақпарат жедел берілуі тиіс. Мәжіліс мақұлдаған жобада ақпарат бес жұмыс күні ішінде беріледі деген норма қалды. "Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін" болса, жауап беру мерзімі бір рет күнтізбелік 15 күнге дейін созылуы мүмкін.

— Бұл нәрсе жағдайды жақсартпайды, нашарлатпайды да. Ешқандай өзгеріс болмайды дегенді білдіреді, — деді заңгер.

Бұған қоса, мәжіліс мақұлдаған заң жобасының 11-бабында: "Өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтіруге бару тәсілдері мен өзін-өзі өлтіругешақыру туралы ақпаратты таратуға және (немесе) орналастыруға тыйым салынады" деген норма бар. Бұл бап билікке ыңғайсыз ақпарат құралына қысымның тетігі болуы да мүмкін деп санайды сарапшы:

— Бұған (суицидке – ред.) қатысты проблеманың Қазақстанда бар екенін мойындаймыз, бірақ БАҚ-та нені көрсетпеу керегі тым кеңейтіліп жазылған. Алдағы уақытта бұл тармақтар БАҚ жұмысын тоқтату тетігі ретінде қолданылуы мүмкін, — дейді Гүлмира Біржанова.

МИНИСТРЛІККЕ СОТ ФУНКЦИЯСЫ БЕРІЛЕ МЕ?

Бұған дейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын аккредиттеу тәртібі заң жобасын талқылау кезінде пікірталас тудырған.

— Бұл бізді алаңдатып отыр. Бұған дейін көп талқыланған мәселе. Бірақ көп өзгеріс болмады. Сенат та осы қалпында қабылдаса, шетелдік БАҚ-қа аккредитация бермеуге, оны қайтарып алуға уәкілетті орган мәдениет және ақпарат министрлігі емес, сыртқы істер министрлігі болады. Аккредитациясы алынған журналист Қазақстанда жұмыс істей алмайды. Бұл норма Қазақстанда бұрын болмаған. Тағы бір алаң тудыратыны — бұл процедураға шағым түсіретін норма жоқ, — деді Гүлмира Біржанова.

Халима Тәжіқұл да заң жобасындағы 30-баптың алтыншы тармағында жазылған жаңа норманы өзгерту керек деген пікірде.

— "Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тарту, оны тоқтата тұру және кері қайтарып алу сыртқы істер министрлігі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады" деп көрсетілген 30-баптың алтыншы тармағында. Демек, соттың функциясын сыртқы істер министрлігіне беріп қойдық. Біздің түсінігіміз бойынша, сыртқы істер министрлігі өз бетінше аккредитация беріп, кері қайтарып алмауы керек. Министрлік өкілдері талқылау барысында БАҚ сыртқы істер министрілігінің шешімін сотта даулай алады деген тармақ қосамыз деген еді, бірақ ондай тармақ көріп тұрған жоқпыз. Демек, сенаттағы талқылауда осы мәселе қозғалуы керек, — деді журналист.

Бұған дейін сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан кезде азаматтық қоғам өкілдері мен журналистер "Қазақстан билігі басылымды жабуды ойлайды" деп сынаған. Олар "Масс-медиа туралы" заң жобасындағы шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу нормасы да Азаттық радиосына бағытталған деп түсінетінін айтқан. Бірақ мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мұнымен келіспейді.

"Бұл Азаттық радиосына қатысты жасақталған норма емес. Азаттық радиосы — қоғамдағы түйткілдерді жеткізіп, елде өзінің біркелкі жұмысын жасап жүрген ақпарат құралдарының бірі. Қоғамдағы келеңсіздіктерді асыра сілтеп, жалған ақпарат таратып, Қазақстанның жер тұтастығы мен ел тұтастығына кесірін тигізіп жатқан жағдайларды айтамын. Оларға қазіргі таңда ешқандай шектеу жоқ. Өзіңізге мәлім, ақпарат кеңістігімізге әртүрлі деңгейде ықпал етіп отырған түрлі бөтен ниетті дүниелер аз емес. Бұл соларға бағытталған" деп түсіндіреді мәжіліс депутаты.

ЖАҢА ЗАҢ НЕГЕ КЕРЕК?

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бұқаралық ақпарат құралдарына арналған заң жобасы президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтады.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан

"Бірінші кезекте бұл бастама елдегі реформалық талаптар негізінде туды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында "Мемлекет ашық ақпараттық кеңістікті, сұранысқа ие және қуатты медианы құруға ерекше назар аударуы тиіс" деп ерекше атап айтқан. "Масс-медиа туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары ел президентінің сол тапсырмасына сәйкес мемлекет мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған" деп түсіндірген ол "ДАТ" газетінің журналисіне.

Сонымен бірге ол негізгі заң жобасында "журналистердің мәртебесін арттыру", "журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау", "журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін" нақты ұсыныстар көзделген дегенді айтады.

Бірақ сарапшылар мұндай пікірмен келіспейді.

— Жаңа заң жобасында журналистің ерекше мәртебесі деген бар. Ол не екені тарқатып айтылмайды. Жалпы көп норма декоративті түрде айтылған, — дейді Гүлмира Біржанова.

Ал Халима Тәжіқұл заң жобасын мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздікті, мемлекеттің тұтастығы дегенді желеу еткенімен салық төлеушілер мен журналистерге қолайсыз жақтары бар, көп өзгерістер енгізуді қажет ететін жоба дейді.

"Масс-медиа туралы" заң жобасы енді сенат депутаттарының қарауына жөнелтілді. Мақұлданар болса, президентке қол қоюға жіберіледі. Бұл заң күшіне енсе, 1999 жылдан бері қолданылып келе жатқан "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң мен 2012 жылдан бергі "Телерадио хабарларын тарату туралы" заңның күші жойылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG