Accessibility links

10 өңірден құтқарушылар барған Атырау облысы тасқынға дайындалып жатыр


Тобыл өзені жағалауы маңында су алған үйлер. Қостанай қаласы, 10 сәуір, 2024 жыл.
Тобыл өзені жағалауы маңында су алған үйлер. Қостанай қаласы, 10 сәуір, 2024 жыл.

Атырау облысында төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) әскери бөлімдерінің қызметшілерін қоса алғанда, 10 өңірден барған құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы сейсенбіде ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

"ТЖМ қызметкерлері Жайық өзеніндегі су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізеді. Су басқан аймақтардан суды сору жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр" делінген хабарламада.

Үкімет "барлық күшті жұмылдырып", су деңгейіне сағат сайын мониторинг жүргізіп, бөгеттердің ұзындығын созып, оны көтеріп, тасқынына жол бермеу керек екенін мәлімдеді. Атырау облысындағы құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам және 1200-ден астам техника жұмылдырылды.

ТЖМ ақпаратынша, Құлсары қаласындағы 2564 үйден су шығарылған.

Азаматтық қорғау қызметтері, еріктілер мен ұйымдар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіп, халыққа көмек көрсетіп жатыр дейді ТЖМ.

Республика бойынша 7089 үй мен 2834 аула аумағынан су сорылды, тасқын кезінде көшкен 39 352 адам үйіне оралса, 6552 адам эвакуация орталықтарында қалған.

ТЖМ дерегінше, елде тасқын басталғалы 13,1 млн текше метр еріген қар суы шығарылған, 7,6 млн қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселген.

Құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылды деп хабарлады төтенше жағдай министрлігі.

Қазақстан үкіметінің 26 сәуірдегі дерегінше, 12 мыңдай отбасының әрқайсысы 369 200 теңге көмек алған. Оған бюджеттен 4,5 миллиард теңге жұмсалған. Мал шығынына 211,5 миллион теңге жұмсалған. Олардың жиынтық шығыны әлі есептеліп жатыр. Үкімет 100 АЕК көмектен бөлек, материалдық шығынға деп әр отбасына 150 АЕК (553 800 теңге) дейін қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG