Accessibility links

Жүздеген тәжікстандық Мәскеуден еліне депортацияланды


Мәскеудегі Внуково әуежайынан төрт күнде Тәжікстанның 643 азаматы депортацияланған. Бұл туралы "Интерфакс" агенттігі "Азия плюс" медиа тобына сілтеме жасап хабарлады.

Медиа топ Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйеніп, 26-30 сәуірде Мәскеуге келген 3101 тәжікстандықтың 643-ы бірнеше күн әуежайда жатып, депортацияланды деді. Тағы 117 тәжікстандықты депортациялау туралы шешім шыққан. Алдын ала ақпарат бойынша, Мәскеудің басқа да әуежайында да Тәжікстан азаматтарын тексеру күшейген.

Бұған дейін Тәжікстан сыртқы істер министрі мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлескені айтылған. "Интерфакс" Ресей сыртқы істер министрлігіне сілтеп, телефонмен сөйлесу бастамасы Мәскеу тарапынан болғанын жазды.

Ресей сыртқы істер министрлігі шекарадағы шетелдіктерді тексеру уақытша екенін, бұл тексеріс белгілі бір ұлтқа бағытталмағанын айтқан. Ведомство мұны Ресейдегі терроризмнің алдын алумен байланыстырған.

28 сәуірде Тәжікстан СІМ ресми сайтында "27 сәуірде Внуково әуежайындағы уақытша ұстау аймағында Тәжістанның 954 азаматы отыр, оларға ешқандай санитарлық жағдай жасалмаған" деп мәлімдеді. Әуежайда отырғандар арасында тәжік студенттері бар. Министрліктің мәліметінше, әуежайда көп уақыт бойы тұрып қалған тәжікстандықтардың ішінен 322 адам Ресей аумағына өткен.

Тәжістан сыртқы істер министрлігі "Ресейде Тәжістан азаматтарына қатысты тексеріске және олардың құқығы, еркіндігі бұзылып жатқанына" алаңдаушылық білдірген. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, 29 сәуірде Душанбе Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семен Григорьевке қарсылық нотасын тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG